Бурабайда өтетін халықаралық «Айбын» жиынына 6 елдің командалары қатысады
АСТАНА. KAZINFORM — «Айбын» халықаралық жастар жиынына қатысушыларды қарсы алуға дайындық қызу жүріп жатыр, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
21-27 маусым аралығында Бурабай курорттық аймағында Әзербайжан, Беларусь, Қытай, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан командаларының қатысуымен XII халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны өтеді.
Жарыстың негізгі кезеңі Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледждің «Амандық» полигонында өтеді. Сондай-ақ мұнда жиынға қатысушылар орналастырылып, жарыс алаңдары жабдықталады. Нысандардың дайындығын тексеру мақсатында полигонға Қорғаныс министрлігінің жұмыс тобы барды.
Қорғаныс ведомствосының өкілдері іс-шараны өткізуге арналған нысандардың сапасы мен дайындығын бағалап, қажетті инфрақұрылымды салу және жабдықтау жұмыстарын жүргізіп жатқан Қарулы күштердің құрылымдық бөлімшелерімен үйлестіру мәселелерін талқылады.
— Біздің бағалауымыз бойынша, жұмыстардың 70 пайызы орындалды. Әскери-қолданбалы және спорттық жарыстарға арналған алаңдар, саптық плац жабдықталды, санитарлық аймақ абаттандырылды. Мәдени-демалыс шараларын өткізу үшін жазғы амфитеатр салынды, — деді топ жетекшісі, Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің аға офицері полковник Дәулет Бейсеков.
Қазір полигонда шатырлы қалашық пен асханаларды жабдықтау жұмыстары аяқталуға жақын. Қонақтардың жайлы әрі қауіпсіз болуы үшін 40 орындық 66 шатыр және 20 орындық 8 шатыр орнатылды. Қатысушылардың медициналық қызметі мен қауіпсіздігін медициналық қызметтер мен әскери полиция бөлімшелері қамтамасыз етеді. Жарыстарға төрелік ету үшін Қарулы күштер әскери бөлімдерінің спорт мамандары мен нұсқаушылары тартылды.
Іс-шара ұйымдастырушылары жас патриоттар үшін мазмұнды бағдарлама дайындаған. Әскери-қолданбалы жарыстармен қатар, зияткерлік және шығармашылық байқаулар, сондай-ақ қызықты мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады.
Дайындық жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Халықаралық іс-шараны жоғары деңгейде өткізу үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр.
Бұдан бұрын әскери жоғары оқу орындарын үздік бітірген түлектерге әскери атақ беру тәртібі өзгергенін жазғанбыз.