Бурабайда шетелдегі қазақ балаларына арналған «Атамекен» құрылтайы өтіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Бурабайдағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында «Атамекен» халықаралық балалар құрылтайы басталды.
Қазақстан Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен және Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығының ұйымдастыруымен жүзеге асырылып жатқан жоба аясында әлемнің 11 елінен келген 288 этникалық қазақ баласы екі апта бойы тарихи Отанында демалып, мәдени-танымдық және тәрбиелік бағдарламаларға қатысады.
Құрылтай барысында қатысушылар Бурабайдың көркем табиғатымен танысып, қазақ халқының тарихы мен мәдени мұрасын зерделейді. Сонымен қатар ұлттық ойындар, қолөнер және өнер сабақтарына қатысып, спорттық жарыстарда бақ сынайды, шығармашылық кездесулер мен танымдық экскурсияларға барады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба шетелдегі қазақ балаларының өзара танысып, достық қарым-қатынас орнатуына, кейін де байланысын үзбей, ана тілі мен ұлттық құндылықтарды бірге дәріптеуіне мүмкіндік береді.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков мұндай жобалардың шетелдегі қандас балалардың тарихи Отанымен байланысын нығайтудағы маңызын ерекше атап өтті.
– Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының негізгі миссиясы – балаларды тарихи Отанымен байланыстырып, ұлттық тамырын тереңдету. Небәрі бес баладан басталған бұл жоба бүгінде 288 баланы қамтып отыр. Бүгінгі бала – ертеңгі елдің азаматы. Елге келген соң балалар бір-бірімен танысып, араласады. Бұл – келешек үшін маңызды рухани көпір. Болашақта Қазақстанға келіп білім алып, елдің дамуына үлес қосатын жастарға жол ашылады, – деді Зауытбек Тұрысбеков.
Ал Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының кеңесшісі Қарлығаш Бекпатшақызының айтуынша, жоба 2003 жылы небәрі жеті баламен басталып, бүгінде ауқымды халықаралық бастамаға айналған.
– Өтініш білдірген қандастардың арасынан әртүрлі салада жетістікке жеткен, жүлделі орын алған дарынды балалар іріктеледі. Бір сөзбен айтқанда, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған, сайдың тасындай іріктелген балалар. Іс-шараның басты мақсаты – шетелдегі қазақ балаларын Атажұртымен байланыстыру, қазақ халқының болмысын, салт-дәстүрін, тілі мен мәдениетін тереңірек таныту. Биылғы құрылтайдың тағы бір ерекшелігі – Қытайдан келген жас ақындардың балаларға айтыс өнерін көрсетуі, – деді Қарлығаш Бекпатшақызы.
Биылғы құрылтайға Моңғолиядан – 70, Қытайдан – 60, Өзбекстаннан – 50, Ресейден – 45, Қырғызстаннан – 35, Түрікменстаннан – 15, Түркиядан – 4, Ауғанстан мен Ираннан үш-үштен, Тәжікстаннан – 2 және Еуропа елдерінен 1 бала қатысып отыр. Жалпы қатысушылар саны – 288.
Айта кетейік, Қазақстан Оқу-ағарту министрлігі жыл сайын шетелдегі этникалық қазақ балаларының тарихи Отанында демалуына арнайы квота бөліп келеді. Ал Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы қатысушыларды іріктеу, құжаттарын рәсімдеу, жол жүруін ұйымдастыру және құрылтай бағдарламасын үйлестіру жұмыстарын жүзеге асырады.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, «Атамекен» халықаралық балалар құрылтайы шетелдегі қазақ балаларының ұлттық бірегейлігін сақтауға, Қазақстанмен рухани байланысын тереңдетуге және әлем қазақтарының тұтастығын нығайтуға бағытталған маңызды халықаралық жоба болып қала береді.