Бурабайда «Үздік авторлық бағдарлама» атты дәстүрлі республикалық конкурс өтуде
АСТАНА. 20 қазан. ҚазАқпарат - Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеуге арналған іс-шаралар аясында ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы 19-21 қазан аралығында
«Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы базасында «Үздік авторлық бағдарлама» атты дәстүрлі республикалық конкурсты өткізуде. Бұл ақпаратты ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі таратып отыр.
Республиканың барлық аймағынан жиналған ең үздік педагогтар мен психологтар отырысында қазіргі таңдағы дарынды балаларға білім беру мәселелері талқыланып, үздік әдістемелер мен оқыту бағдарламалары ұсынылды.
«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Шолпан Қирабаева өзінің құттықтау сөзінде аталған орталықтың осы бағытта жүйелі қызмет атқарып келе жатқандығын атап өтті. 115 дарынды балаға арналған білім беру ұйымдарының оқу-тәрбие үдерісін 6 мыңға жуық педагогтар іске асыруда. 2011 жылғы конкурстың қорытынды кезеңіне ұсынылған әртүрлі бағыттағы 162 жұмыстың 85 жобасы өтті. Шығыс Қазақстан, Қостанай, Алматы, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстарының, Астана қаласы, республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған білім беру ұйымдарының ұстаздары ерекше белсенділік танытты.
Сондай ақ, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы басшысының орынбасары Берік Баржақсымов конкурстың негізгі мақсаты дарынды балаларға арналған білім беру ұйымдарының талантты, шығармашылықпен жұмыс істейтін педагогтарын анықтау және қолдау, мұғалімдердің зерттеу және авторлық бастамаларының дамуына ықпал ету, дарынды балаларға білім берудің мазмұнын жетілдірудегі инновациялық идеяларды жинақтау және тарату екендігін мәлімдеді.
Конкурс бағдарламасында «Мұғалім жетістігінің формуласы» педагогикалық қонақжайда ғалымдармен жүздесу өткізіліп, шараға қатысушылар Бурабай тарихи және табиғи ескерткіштер аймағына саяхат жасады.
Сондай-ақ, конкурс жеңімпаздары мен жүлдегерлері Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің I, II, III дәрежелі дипломдарымен және «Дарын» РҒПО-ның аталымдар бойынша грамоталарымен марапатталады.