Бурабайдағы баламасы жоқ мультимедиялық кешенге 7 мыңнан астам турист келген

БУРАБАЙ. KAZINFORM — Бурабайдағы Мультимедиялық интерактивті кешенге жаңғыртудан өткеннен кейінгі жарты жылда 7 мыңнан астам қонақ келді. Бұл туралы «Бурабай Даму» кәсіпорнының баспасөз қызметі хабарлады.

Бурабайдағы баламасы жоқ мультимедиалық кешенге 7 мыңнан астам турист келген
Фото: Ағыбай Аяпберген/Kazinform

Биылғы шілде айында мультимедиялық интерактивті кешен ауқымды жаңғыртудан өтіп, Қазақстандағы ең жоғары технологиялық музейлердің біріне айналды. Ондағы заманауи анимациялық және аудиовизуалдық технологиялар әрбір келушіге қазақ мәдениетінің бірегей атмосферасына енуге және еліміздің тарихы туралы көбірек білуге мүмкіндік береді. Заманауи кешен күніне 500 келушіні қабылдай алады.

Жаңа кешеннің медиаконтенті тұрақты түрде жаңартылып отырады және оған ойын-сауық пен танымдық материалдар кіреді. Бұл туристерге түрлі бағдарламалардан ләззат алып, жаңа әрі қызықты ақпарат алуға мүмкіндік береді. 

Мультимедиалық интерактивті кешен 9 залға бөлінген. «Қазақстанға саяхат» бөлімі — Бурабай, Медеу, Шымбұлақ, Шарын каньоны, Каспий теңізі, Түркістан, Үстірт үстірті, Мұзтау, «Байқоңыр» ғарыш айлағы секілді еліміздің туристік орындарының байлығы мен сұлулығын көрсетеді.

«360 куб» залы — бейнені кескіндейтін бірегей технологиясы бар Қазақстандағы жалғыз зал. Бес проектор мен екі бүйірлік экран 270 градустық панорамалық кескін жасайды, бұл көрермендерге өзін фильмнің бір бөлшегі сезінуге мүмкіндік береді. Аталған формат перифериялық көруді қолдану арқылы жаңа сезімдер тудырады және барлық көрініс бөлігін көруге мүмкіндік береді.

«Абылай хан» қысқаметражды көркем фильмінде қазақ халқының біртуар перзенті — Абылай хан атанған бала Әбілмансұрдың өмір жолы баяндалады. Басты рөлді қазақтың белгілі актері Жандос Айбасов сомдаған.

Сонымен бірге, кешенде келушілерді қызықтыратын бірқатар интерактивті экспозициялар бар — Абылай ханның батасын естіп, садақ атып және кедергілерді еңсеріп жүрген батыр сияқты сезінуге болады.

Ойын түріндегі интерактивті экспозициялар балалар мен шетелдік қонақтарға ұлттық музыкалық аспаптар, ою-өрнектер, сондай-ақ қазақ даласының жануарлар әлемі мен өсімдіктері туралы білуге көмектеседі.

Шежіре залында елдің интерактивті картасынан барлық қазақ руларын, олардың таңбасын және тұратын жерлерін біріктіретін символдық бәйтерек ағашы орналасқан. Мұндағы мақсат — руға бөліну емес, әр адамның шыққан тегі мен тарихын білуге көмектесу.

Айта кетейік, Мультимедиялық интерактивті кешен Абылай хан алаңына қарама-қарсы орналасқан.

Бұған дейін Астанадан Бурабайға 2,5 сағатта жеткізетін пойыз іске қосылғаны белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар