Бұрымды боксшылар Қарағандыда бас киімсіз жұдырықтасады

АСТАНА. KAZINFORM – Қарағанды қаласында 22-28 қыркүйек күндері әйелдер боксынан «Мықтылар турнирі» өтеді. Онда бұрымды боксшыларымыз тұңғыш рет рингкте бас киімсіз жұдырықтасады.

бокс
Фото: Pixabay.com

ҚР Бокс федерациясының баспасөз қызметі атап өткендей, бұл жарыс - қарашада Иорданияда өтетін Азия чемпионатына іріктеу кезеңі.

Турнирде 19-40 жас аралығындағы спортшылар 12 салмақ дәрежесі бойынша: 48 кг, 50 кг, 52 кг, 54 кг, 57 кг, 60 кг, 63 кг, 66 кг, 70 кг, 75 кг, 81 кг, +81 кг өзара мықтыларды анықтайды. 

Тек, 2006 жылғы қатысушылар бас бапкердің рұқсатымен ғана жарысқа жіберіледі.

Өтініштер 16 қыркүйекке дейін қабылданады.

Қазақстан бокс федерациясы жарысты барынша ашық өткізу үшін тікелей көрсетілім, толыққанды ақпарат тарату және таза төрелік тұрғысынан қамтамасыз етпек.

Бұл доданың тағы бір атап өтерлік ерекшелігі - Қарағандыдағы бәсекеде боксшылар арнайы бас киімсіз шаршы алаңға шығады. Бұл өзгеріс әйелдер боксында халықаралық аренада бұдан былай бас киім болмайтынымен байланысты. Соның ішінде жаңа ереже Азия чемпионатынан бастап енгізілмек.

Осыған орай, әйелдер боксынан Ұлттық құраманың бас бапкер Елдос Сайдалинге қоңырау шалып, әйелдердің бас киімсіз жұдырықтасатының қаншалықты рас-өтірігін сұрап білген едік.

«Бұрымды боксшыларымыз қарағандыда бірінші рет бас киімсіз жұдырықтасады. Енді алдағы уақытта әйелдер халықаралық аренада бас киімсіз жұдырықтасады. Халықаралық талап солай. Сондықтан, біз де сол талаптың аясында бас киімсіз жұдырықтасуға көшеміз. Бұл алдағы өткелі отырған жарыс біз үшін үлкен тәжірибе болмақ», - деді бас бапкер.

Соңғы жаңалықтар