Буркина-Фасо үкіметі барлық саяси партияларды таратты, олардың саны жүзден асқан
АСТАНА. KAZINFORM – Буркина-Фасо үкіметі елдегі барлық саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдарды тарату туралы шешім қабылдады. Үкімет қаулысына сәйкес, таратылған ұйымдардың барлық мүлкі мемлекет меншігіне өтеді, деп хабарлайды Anadolu Ajansı.
Бұл шешім ел Министрлер кеңесінің отырысында қабылданған.
Ішкі істер министрі Эмиль Зербо партиялық жүйенің жағдайына жүргізілген жан-жақты талдау барысында саяси ұйымдардың қызметін реттейтін заңнаманың көптеген бұзушылықтары анықталғанын айтты.
Оның сөзінше, саяси партиялардың шамадан тыс көп болуы қоғамдағы алауыздықты күшейтеді. Министрдің мәліметінше, Буркина-Фасода 100-ден астам саяси партия тіркелген.
Үкімет өкілдері партияларды тарату туралы шешім ұлттық бірлікті сақтау мақсатында қабылданғанын атап өтті.
Бұған дейін Kazinform агенттігінің халықаралық шолушысы Батыс Африкадағы төңкерістер легінің себептерін және өңірдің неге қайтадан дағдарыс аймағына айналғанын саралаған болатын.