Бүркіт Аяған: Парламентке ойы ұшқыр, егемендікті, елдікті қызғыштай қорғайтын жүректі азаматтар келгені дұрыс
АСТАНА. ҚазАқпарат - Белгілі тарихшы-ғалым, профессор Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркіт Аяған Парламентке ойы ұшқыр, егемендікті, елдікті қызғыштай қорғайтын жүректі азаматтар келгені дұрыс, деп есептейді.
«Жаңашыл ойлайтын, жаңашыл білімі бар, жаңашыл көзқарасқа ие азаматтарды, білікті мамандарды парламентке әкелуіміз керек, себебі Парламент заң шығарушы ең жоғары орган ғой. Аумалы-төкпелі заман қазір, бұл құбылыс кемінде төрт-бес жыл болатын секілді. Осы кезде тез ойлайтын, тез шешім қабылдайтын отаншыл азаматтар келеді деген ойдамын және бүгінгі мына съез жаңа форматтағы, жаңа депутаттық корпус қалыптастырумен ерекшеленеді», - деді ол бүгін «Нұр Отан» саяси партиясының кезектен тыс XVII съезінде.
Оның пікірі бойынша, бесінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаттары өзінің әлеуетін сарқып бітті және өзіне тағылған міндетті толықтай атқарып болды.
«Мен мысалы, бұрынғы депутаттық құрамның көбімен жақсы таныспын, бірге жұмыс істедік, олар елдің дамуына қажетті маңызды заңдарды қабылдады. Бірақ елді алып кететіндей үлкен бір қозғалысқа келе алмады деген ойдамын. Көп депутаттар үндемей отырады. Депутат халық өкілі болғандықтан, сөйлеп тұруы керек. Кем дегенде тек бес-он депутат еске түседі. Олардың көбі - ғалымдар. Сондықтан осы жас депутаттар келгені дұрыс. Ойы ұшқыр, егемендікті, елдікті қызғыштай қорғайтын жүректі азаматтар келуі керек», - деп сөзін Б.Аяған.
Еске сала кетейік, кеше Астанада өткен «Нұр Отан» саяси партиясының кезектен тыс XVII съезінде Мәжіліс депутаттығына үміткерлердің партиялық тізімі бекітілді. Оған республикаға белгілі саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, спортшылар мен өнер иелері енді.