Бүркітбай Аяған: Бәсекеге қабілетті ұлт болмасақ, көштен қаламыз

АСТАНА. ҚазАқпарат - Белгілі тарихшы, Мемлекет тарихы институтының директоры, профессор Бүркітбай Аяған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына орай өз пікірін білдіріп, мақалада Қазақстан халқы үшін өте маңызды мәселелер қамтылғанын, салмағы жағынан жолдауға тең екенін айтты.

Бүркітбай Аяған: Бәсекеге қабілетті ұлт болмасақ, көштен қаламыз

Тарихшының айтуынша, болашаққа нық қадам басу үшін өткен күндерден сабақ алу керек. 1917 жылы Ленин басқарған большевиктер партиясының революциясы алдына көптеген мақсаттар қойды. Коммунистік қоғам құрамыз деді, құра алмады. Тапсыз қоғам, әлеуметтік теңдік болады деді  болмады. Адам құқықтары тапталды. Миллиондаған адам ажал құшты. «Компартияның 22-съезінде Хрущев 1980-жылдары коммунизмге аяқ басамыз деді. Бірақ, сексенінші жылдары коммунизмнің елесі де болған жоқ. Яғни, большевиктер партиясы алдына қойған мақсаттардың біреуіне де жете алмады. Сондықтан, Елбасы өз мақаласында революциялық емес, эволюциялық жолмен даму керектігін ұсынды. Төңкеріспен емес, күнделікті білімді жетілдіру, жұмыста табыстарға жету, ғылымды дамыту арқылы өзімізге тиімді жолдарды тауып, қоғамды ілгерілету қажет», - деді Б.Аяған.

Сондай-ақ, тарихшы Елбасы мақаласында айтылған бәсекеге қабілетті қоғам тәрбиелеуге ерекше назар аударды: «Бәсекеге қабілетті елдер дегенде ойымызға бірден Германия, Жапония, Америка Құрама Штаттары келеді. Біз де сол халықтар секілді бәсекеге қабілетті болмасақ, көштен қаламыз.  Естеріңізде болса, 1830 жылдары садақпен, білте мылтығы бар Кенесары хан жасағы зеңбірегі бар орыс әскерінен жеңілді. Сол себепті, жаңа заманда, жаңа озық технологияларды игеретін ұлттардың бірі болуымыз керек», - деді Бүркітбай Ғелманұлы.

Б.Аяған мақалада көрсетілген туған жер жобасына да қатысты ойын білдіріп, өз өмірінен мысалдар келтірді: «Бұрын патриотизм дегенде жалаң сөздерге жол беретін едік. Елбасының мақаласы туған жерге деген ықыласты туған өлкеге, өзің оқыған мектепке, университетке жәрдем беру секілді нақты істермен көрсетуді көздейді. Туған жер жобасы тек қалталы азаматтарға ғана емес, әрбір адамға арналған. Әр азамат өзінің туып-өскен жеріне көңіл аударып, көмек берсе, бір ғанибет болар еді. Сонымен бірге, бұл жоба қазақ жерінде туған өзге ұлт өкілдеріне де қатысты. Мәселен, Германия мен Польшаға көшіп кеткен неміс, поляк сыныптастарым елге келген сайын мектепке қолдау көрсетіп, ауылымызға жәрдемдесіп кетеді. Міне, осылай қазақ жерінде туған Қазақстан азаматы туған өлкесін естен шығармауы тиіс».

Сонымен бірге, Б.Аяған латын графикасының қазақ тіліне жақынырақ екенін, өзгерістерден қорықпау керек деп кеңес берді.

«Ғалымдар кирилица мен қазақ тілін ауыстырғанда қ, ғ, ү секілді жеті әріп қамтылмайды. Ал  латын графикасында екі әріп қана сәйкес келмейді. Тіпті, латын жазуында «ө», «қ», «ғ» әріптері бар. Бұл арада кирилицада жазылған қазақтың мол мұрасы оқылмай қалады деп қауіптенетіндер бар. Өзгерістен қорықпау қажет. Қазіргі техниканың мол мүмкіндіктерін пайдалана отырып, барлық әдебиетті аударуға  болады», - деді тарихшы Бүркітбай Аяған.