Бүркітші қыз Айшолпан Қазақстан азаматтығын ала ма?
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылы ағылшынның Daily Mail басылымында «Қазақтың салт-дәстүріндегі асыл құндылықтардың бірі - құсбегілік өнерін игерген он үш жасар жалғыз қыз» деген тақырыппен мақала жарияланған болатын. Онда Моңғолияда тұратын Айшолпан (Ashol Pan) есімді 13 жастағы қыз әлемдегі ең жас құсбегі екендігі айтылған. Осы жарияланымнан соң Айшолпанның есімі әлемге тарады.
Ал атақты америкалық режиссер Отто Белл осы Айшолпан туралы «Бүркітші қыз» (The Eagle Huntress) деректі фильмін 2016 жылдың қазан айында көпшіліктің назарына ұсынған еді.
Айшолпанды құсбегілікке баулыған- әкесі Нұрғайып. Таяуда Моңғолияның ұлттық арналарының бірінде оның сұхбаты шықты.
Аsiarussia.ru хабарлағандай, Айшолпанның отбасы Баян-Өлгий аймағының Цамбагарав тауы маңында тұрады, ата кәсібі - мал шаруашылығымен айналысады екен.
Айшолпанның әкесінің айтуынша, оның отбасын Қазақстанға шақырған көрінеді.
«Біз Моңғолия өңірінде туылсақ та, қазақпыз. Десе де біздің ата-бабабыз осы өңірде туып-өсті. Сондықтан да мен осы жерде туғанымды мақтан тұтамын. Бізді Қазақстан азаматтығын алуға шақырған. Алайда бізді ол қызықтырмайды. Себебі менің туған жерім - Моңғолия», - дейді Нұрғайып сұхбат барысында.
Айта кетейік, америкалық киноакадемия «Бүркітші қыз» фильмін «Оскар» сыйлығына үміткерлердің қатарына қосты . Ал танымал әнші Sia моңғолиялық бүркітші қазақ қызы Айшолпан Нұрғайып туралы фильмнің саундтрегі «Angel by the Wings» атты жаңа ән жазды.