ШҚО-да фототұзаққа сирек кездесетін қар барысы түсіп қалды
АСТАНА. KAZINFORM – Алтайдың Бүркітауы аумағындағы фототұзаққа Қызыл кітапқа енген, сирек кездесетін аңдардың бірі - қар барысы түсіп қалды.

Алтайдың ғажайып табиғатына қатысты тағы бір қуанышты жаңалық тарады. Бүркітауы аумағындағы фототұзаққа Қызыл кітапқа енген, сирек кездесетін қар барысы түсіп қалды.
- Бұл ерекше сәт Катонқарағай ұлттық паркінің Алтай орманшылығы аумағында, Бүркітауы мекенінде тіркелді. Фототұзақты орнатқан – мекеме қызметкерлері Е.Қасымов пен А. Шакенов.
Табиғатты қорғауға жанашырлықпен қарайтын осындай мамандардың еңбегінің арқасында еліміздің бай биоалуандығы тағы бір мәрте дәлелденіп отыр, - деп жазды Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінен.

Сонымен қатар Катонқарағай ұлттық табиғи паркінің Аршаты орманшылығында да қар барысы фототұзаққа тіркелді. Фототұзақты орманшы Жомарт Аманбаев орнатқан. Нәтижесінде Қызыл кітапқа енген қар барысы (Panthera uncia) түсірілген бірегей кадрлар алынды.
Жабайы жануарларды бақылау жұмыстары жалғасуда.

Айта кетейік, кеше Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында еліктер фототұзаққа түсіп қалды.