14:25, 13 Ақпан 2013 | GMT +5
Бұрынғы полицей ірі мөлшерде героин сатқаны үшін 10 жылға сотталды
ӨСКЕМЕН. 13 ақпан. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облыстық соты үкім шығарды: Риддерден келген бұрынғы полицей Эдуард Н. есімді азамат ірі мөлшерде героин сатқаны үшін мүлкінің тәркіленуімен 10 жылға сотталды. Ол жазасын қатаң режимдегі түзеу мекемесінде өтейтін болады.

Қылмыстық істің материалдарына сәйкес, Риддерлік АІІБ-нің бұрынғы қызметкері белгісіз біреуден 999,7181 грамм салмақта героин сатып алып, оны кішкене бөлшектерге бөле отырып, есірткіге тәуелді адамдарға сата бастаған.
Эдуард Н. Соколок тауында К. есімді азаматқа героинді бірнеше партиямен сатуға әрекеттенген. Ол нашақорға есірткіні сатып, ол үшін 190 мың теңге сомасында қаражатты алу кезінде ұсталды. Оның киімінен 48,9312 грамм салмақта героин табылды.
Есірткі сатушының пәтерін және көлігін тінту кезінде ірі мөлшерде героин мен 2,5 млн.-нан астам теңге тәркіленді.