Бұрынғы жолдың 1 шақырымы 55 млн. теңге, қазіргінің 1 шақырымы 200 млн. теңге
АСТАНА. 28 маусым. ҚазАқпарат - Көлік және коммуникация министрлігі автомобиль жолдарын сақтау және жүк автокөлігімен тасымал жасауды бақылау жөнінде көшпелі отырыс өткізді.
Бұл мәселені талқылауға себеп болған Қазақстанның Құрылысшылар одағының үндеуі болды. Онда аталмыш одақ астаналық нысандарды салу құрылысына тартылған автокөліктердің массасы мен салмақ жүктемелері бойынша қолданыстағы шектеулерді қайта қарастыруды өтінген болатын. Бұл туралы ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Баспасөз қызметі хабарлайды.
Көлік құралдарының массалары мен габариттері жөніндегі Минск келісіміне сәйкес ТМД елдерінің бәрінде жүк көлігінің жеке білігіне түсетін шекті жүктеме 10 тоннаның шеңберінде болып енгізілген. Мұндай норматив ТМД елдері автожолдарының технологиялық біртұтастығын ескере отырып тағайындалған. Бұған қоса мұндай практика тек ТМД елдері ғана емес, басқа да шет елдерде қолданылады.
Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Замир Сағыновтың айтуынша, білікке түсетін жүктеме жол жамылғысының қабатына байланысты. 1985 жылдан бұрын салынған жол бөліктері 3 қабаттан тұратын және 8 тонна жүктемеге есептелген болатын. Ондағы бір километр жолдың құны 55 млн. теңгені құрайтын.
2005 жылдан бастап шекті жүктемесі 13 тонна болатын жолдар салына басталды. Мұндай жолдың 1 километрінің құны 200 млн. теңгені құрайды.
Қазіргі уақытта республикалық жүйедегі ұзақтығы 23 мың 500 км жолдың 19 633 шақырымы білікке түсетін салмақ 6-8 тоннаға, ал 1 886 км (оның 915 км «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» дәлізі құрамында) - 13 тоннаға деп арналған.
«ҚазжолҒЗИ» АҚ өткізген зерттеулердің нәтижесінде автокөлік құралдарының жүк көтерімділігін арттырған сайын және білікке түсетін жүктемеге қатысты шектеуді бұзу автожолдардың жылдам бұзылуы мен олардың пайдалану мерзімінің бірнеше есе қысқаруына әкеліп соқтыруда. Бұндай жағдай құрылыс қарқыны екпінді жүргізіліп жатқан, оның ішінде Астана сияқты өңірлерде аса өзекті мәселеге айналып отыр.
Кездесу барысында ғылыми институттың сарапшылары кеңеске қатысушыларға жүктемесі артық автокөліктің жол жамылғысына қаншалықты әсер ететіндігін көзбе-көз көрсетті, сонымен бірге жолды бұлай пайдаланудың салдары мен оны қалпына келтіруге жұмсалатын қаржы көлемі жайында мәлімдеді.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР ККМ 2013 жылдан бастап жүк көлігін бақылаудың автоматтандырылған жүйесін енгізуді жоспарлауда.