БҰҰ: 2026 жылы әлемде 186 млн адам жұмыссыз қалады
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылдың қорытындысы бойынша әлемдегі жұмыссыздық деңгейі орта есеппен 4,9% шамасында болады, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.
Агенттік мәліметінше, бұл туралы Халықаралық еңбек ұйымының болжамында айтылған. БҰҰ мамандарының пікірінше, жұмыссыздық деңгейі 2025 жылмен салыстырғанда өзгермейді, ал жыл соңына қарай шамамен 186 млн адам жұмыссыз ретінде тіркеледі.
Халықаралық еңбек ұйымының баяндамасына сәйкес, дамыған елдерде жұмыс орындарының саны 0,5%-ға өседі, ал табысы төмен елдерде бұл көрсеткіш 3,1% болады. Мұндай айырмашылық бай елдердегі халықтың қартаюымен байланысты: еңбекке қабілетті жастағы адамдар саны азайып, жұмыс табу немесе оны сақтап қалу қиындап отыр.
Сонымен қатар, ұйым жұмыс орнының болуы әрдайым лайықты табысқа кепіл емес екенін атап өтеді. Қазіргі таңда әлемде 300 млн-ға жуық адам күніне 3 АҚШ долларынан аз табыспен өмір сүріп, шектен тыс кедейлік жағдайында күн кешуде. Африка мен Латын Америкасының көптеген елінде халықтың жартысынан астамы көлеңкелі экономикада еңбек етеді.
Бұдан бұрын АҚШ-тағы жұмыссыздық деңгейі қарашада 4,6%-ға дейін ұлғайып, 2021 жылдың қазанынан бері ең жоғары көрсеткішке жеткені хабарланды.