БҰҰ: әлемде 2 миллиардтан астам адам қауіпсіз ауыз суға қол жеткізе алмай отыр
АСТАНА. КАZINFORM — Біріккен Ұлттар Ұйымы мәліметінше, әлемде 2 миллиардтан астам адам қауіпсіз ауыз суға қол жеткізе алмайды. Бұл туралы БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының орынбасары Нада әл-Нашиф Адам құқықтары жөніндегі кеңесте өткен отырыста айтты.
Оның сөзінше, жыл сайын шамамен 1,4 миллион адам ластанған су мен санитарияның жоқтығынан туындайтын жұқпалы аурулардан көз жұмады. Олардың қатарында тырысқақ, диарея және іш сүзегі сияқты аурулар бар.
Сонымен қатар, әлемде 3,4 миллиард адам тиісті санитарлық жағдайға қол жеткізе алмай отыр.
Нада әл-Нашиф бұл мәселе жай ғана қолайсыздық емес, адамның өмірі мен өліміне тікелей әсер ететін жаһандық проблема екенін атап өтті.
Оның айтуынша, суға қолжетімділік мәселесі қақтығыстар жағдайында одан әрі ушығып отыр. Мысалы, Украина, Газа секторы және Судан сияқты аймақтарда су инфрақұрылымы зақымдалып, таза суға қол жеткізу қиындаған.
Сондай-ақ климаттың өзгеруі де жағдайды нашарлатуда: құрғақшылық жиілеп, су тасқыны мен дауылдар су жүйелерін бұзған.
БҰҰ өкілі кедей және қарызға батқан елдер су инфрақұрылымына инвестиция салуда қиындық көретінін, ал дамыған елдерде де су тарифтерінің қымбаттауы халыққа салмақ түсіріп отырғанын айтты.
Оның сөзінше, бұл жағдай әсіресе әлсіз топтарға ауыр тиеді: мүгедектігі бар адамдарға бейімделген санитарлық жағдай жетіспейді, ал әйелдер мен қыздар су іздеп ұзақ жол жүруге мәжбүр болып, қауіп-қатерге ұшырайды.
Мектептердегі санитарияның нашарлығы қыз балалардың сабақтан қалуына себеп болып отыр.
— Су — бұл тауар емес, қоғамдық игілік, — деді ол.
БҰҰ бұл мәселені шешу үшін мемлекеттерді инвестицияны арттыруға, халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге және адам құқықтары негізінде саясат жүргізуге шақырып отыр.
Бұған дейін БҰҰ Газада дәрі-дәрмек тапшылығы мен кеміргіштердің көбеюіне байланысты тері инфекциялары өршіп кеткенін айтып, дабыл қаққан еді.