БҰҰ Алматы апортының даңқын қайтаруға қолдау көрсетеді
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған үш жобаны іске қосты. Елордада Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы ФАО-ның Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік өкілінің орынбасары Раймунд Йелемен кездесті.
ФАО-Қазақстан әріптестік бағдарламасы 10 жылға жоспарланған. Бағдарлама ауыл шаруашылығының орнықты дамуын қолдауға, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, заманауи технологиялар мен озық халықаралық тәжірибені енгізуге бағытталған.
Тараптар ФАО-Қазақстан әріптестік бағдарламасының іске асырылуын, ынтымақтастықтың басым бағыттарын, аграрлық салаға заманауи технологияларды енгізу және ғылыми әріптестікті дамыту мәселелерін талқылады.
– Сарапшыларымыздың бірлескен жұмысының нәтижесінде негізгі құжат жұмыстарына қатысты кезең аяқталуға жақын. Ең бастысы – әрбір жоба халықаралық стандарттар мен еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытудың ұлттық басымдықтарына толық сәйкес келеді. Бұл жобалардың іске қосылуы отандық ауыл шаруашылығын технологиялық жаңғыртуға елеулі серпін береді деп сенемін. Жалпы, біз ФАО-мен ықпалдастықты одан әрі нығайтуға, бірлескен жобаларды табысты іске асыруға, тәжірибе алмасу аясын кеңейтуге және өзара қызығушылық тудыратын жаңа қадамдарды дамытуға ниеттіміз, – деді Ермек Кенжеханұлы.
Алғашқы жоба топырақтағы органикалық көміртекті мониторингтеу, бағалау және верификациялау жөніндегі ұлттық жүйені құруды көздейді. Бұл бастама жер ресурстарын орнықты басқарудың, топырақ құнарлылығын арттырудың және ұлттық көміртек нарығын дамытудың ғылыми негізін қалыптастыруға жол ашпақ.
Екінші жоба – жасанды интеллект технологиялары мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану арқылы шегіртке зиянкестерінің таралуын мониторингтеу және болжау жүйесін жетілдіруге арналады. Заманауи цифрлық шешімдерді қолдану зиянкестердің таралу ошақтарын жедел анықтап, болжамдардың дәлдігін арттырып, басқарушылық шешімдердің тиімділігін күшейтпек.
Үшінші жоба ретінде – отандық селекция мен тұқым шаруашылығын дамытуға және қазақстандық ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттарын ілгерілетуге қатысты «Қазақстандық сорттар мен тұқымдар» ұлттық бастамасы іске асырылады. Бұл ретте еліміздің символдарының бірі саналатын атақты Алматы апорты сұрпын қайта жаңғыртуға және кеңінен насихаттауға ерекше назар аударылады.
Қазақ өсімдік қорғау және карантин ҒЗИ басқарма төрағасы Бақытжан Дүйсембековтың айтуынша, ғалымдар жабайы Сиверс алмасының генетикалық қорын пайдаланып, апортты көбейтуді қолға алған.
Қазір Алматы облысында 10 гектар жерге көшеттер егілсе, келер жылы тәлімбақ аумағын 100 гектарға ұлғайту жоспарланып отыр. Әсіресе теңіз деңгейінен 900–1200 метр биікте, Қазақстанның таулы өңірлеріндегі алма бақтары қалпына келтіріледі. Өйткені дәл осы таулы жерлерде апорт өзіне тән қызыл реңкін, қайталанбас хош иісі мен ерекше дәмін толық сақтайды.
– Апорттың жеміс беруі үшін 7-8 жыл қажет болады. Ал қазіргі таңда 2015 жылы отырғызылған 5 гектар апорт алғашқы жемісін бере бастады. Бұл үшін 500 млн теңгеден асатын қаржы ғылыми жоба деңгейінде бөлу жоспарланып отыр. Оның алғашқы 50 миллионы бөлінген. Сол бағытта жұмыстар жалғасып жатыр, – деді институт басшысы.
Екі күн бойы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ФАО, БҰҰ жүйесіне кіретін агенттіктердің, ғылыми-зерттеу ұйымдарының, салалық қауымдастықтардың, жеке сектордың және өзге де серіктес ұйым өкілдері жобалардың техникалық өлшемдерін пысықтап, жылдық жұмыс жоспарды бекітеді, ведомствоаралық үйлестіру тетіктерін айқындайды әрі осыған ұқсас халықаралық бастамаларды іске асыру тәжірибесімен алмасады.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Римге барған сапарында осы апортты Қазақстанның брендіне айналдыру мәселесін көтерген еді.