БҰҰ Бас хатшысы Кипрге сапарынан кейін келіссөздердің жаңа кезеңі басталатынын мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM — БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Кипрге жасаған алғашқы сапарының қорытындысы бойынша аралдағы жағдайды реттеу жөнінде жаңа кездесу өткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Оған Кипрдің екі қауымдастығының көшбасшысы, кепілгер елдердің және ұйымның өкілдері қатысады, деп хабарлайды БҰҰ жаңалықтары.
БҰҰ Бас хатшысы Никосияда журналистерге берген сұхбатында соңғы жылдары келіссөздер Женева, Кран-Монтана, Берлин және Нью-Йорк қалаларында өткенін еске салды.
— Осы жағдайға байланысты Кипрге келіп, арал халқының мәселені шешуге деген ұмтылысын толық қолдайтынымды білдіру менің міндетім болды, — деді ол.
Сенімді қалпына келтіру қажет
Гутерриштің айтуынша, қазір тараптар арасындағы сенімді қалпына келтіру үшін бар күшті салатын уақыт келді. Ол арал тұрғындарының күнделікті өмірін жақсартуға мүмкіндік беретін сенім шараларын әзірлеп, жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ екі көшбасшыны осы бағыттағы жұмысты жандандыруға шақырды.
БҰҰ Бас хатшысы өзінің жеке өкілі Мария Анхела Ольгиннің тараптармен байланысын жалғастырып жатқанын айтты. Ол бұған дейінгі БҰҰ бастамаларына және Кипр тұрғындарымен тікелей байланысқа сүйеніп жұмыс жүргізіп келеді.
Сапар барысында Бас хатшы аралдағы түрлі қауымдастықтардың өкілдерімен де кездесті.
— Олардың айтар сөзі анық. Олар ілгерілеуді қалайды. Көшбасшыларының ымыраға келуге және Кипр мәселесін реттеу жолындағы соңғы кезеңнен өтуге дайын екенін көргісі келеді. Олар аралдың бөлінумен емес, ынтымақтастықпен, мүмкіндіктермен және бейбітшілікпен айқындалатын болашағын қалайды, — деді ол.
Гутерриштің айтуынша, екі көшбасшымен жеке-жеке және бірге өткізген «ашық әрі сындарлы» кездесулер барысында да дәл осындай көңіл күй байқалған. БҰҰ басшысы түрік кипрліктерінің көшбасшысы Туфан Эрхюрман мен грек кипрліктерінің көшбасшысы Никос Христодулидистің өзінің жеке өкілімен жұмысты жалғастыруға дайын екенін растағанын хабарлады.
5+1 форматындағы жаңа кездесу
Өткен келіссөздердің қорытындысы бойынша Бас хатшы 5+1 форматында жаңа кездесу өткізуді ұйғарды. Оған грек кипрліктері мен түрік кипрліктері қауымдастықтарының өкілдері, үш кепілгер ел — Грекия, Түркия және Ұлыбритания, сондай-ақ БҰҰ қатысады.
Алайда Гутерриш келіссөздер мұқият дайындықтан кейін ғана өтетінін атап өтті.
— Мен нәтижесіз 5+1 форматындағы жаңа кездесулер өткізгім келмейді. Кездесу сәтті өтіп, мәселені реттеуге жол ашқанын қалаймын, — деді ол журналистердің сұрағына жауап бере отырып.
БҰҰ Бас хатшысының айтуынша, кездесудің нақты мерзімі әзірге белгіленген жоқ.
БҰҰ мен халықаралық қауымдастықтың рөлі
Бас хатшы Кипрдегі БҰҰ-ның бітімгерлік күштерінің мандатын буферлік аймақта да, БҰҰ белгілеген атысты тоқтату желілерінің кейбір учаскелерінде де құрметтеудің қажеттігін атап өтті.
Оның айтуынша, 6 онжылдықтан астам уақыт бойы бітімгерлік миссия тыныштық пен тұрақтылықты сақтауға көмектесіп келеді. Оның тиімділігі барлық тараптардың ынтымақтастығына байланысты.
Бас хатшы сондай-ақ екі тараптағы хабар-ошарсыз кеткен адамдардың отбасыларына көмектесетін Хабар-ошарсыз кеткендер жөніндегі комитеттің жұмысын жоғары бағалады. Сонымен қатар екі қауымдастық өкілдерінің мәселелерін шешуге бағытталған практикалық жұмыстармен айналысатын техникалық комитеттердің қызметін атап өтті.
Ол халықаралық қауымдастық Кипр мәселесін реттеу үдерісін әрі қарай да қолдауы қажет екенін айтты.
Айта кетейік, Астанада Кипр Республикасының елшілігі ашылды.