БҰҰ Бас хатшысы Трамптың Газадағы қақтығысты реттеу жоспарын қолдады

АСТАНА. KAZINFORM – БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш АҚШ президенті Дональд Трамптың Газа секторындағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеу жоспарын қолдап, оны орындауға шақырды, деп хабарлайды Известия.

Мемлекет басшысы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен келіссөз жүргізді
Фото: Ақорда

«БҰҰ Палестина, Израиль және бүкіл аймақ халықтары үшін бейбітшілік, тұрақтылық және жарқын болашаққа ықпал ететін кез келген күш-жігерді қолдауда берік ұстанымда», – деп жазды Бас хатшы әлеуметтік желі X парақшасында.

Гутерриш сондай-ақ араб және мұсылман мемлекеттерінің бейбітшілікке қол жеткізу мен атысты тоқтатудағы маңызды рөлін ерекше атап өтті.

«Барлық тараптар келісім бойынша міндеттемелерді алып, оны орындауы аса маңызды», – деді ол.

Еске салсақ, Ақ үй 29 қыркүйекте ұсынған құжат 20 тармақтан тұрады. Онда Израиль әскерлерін Газадан шығару және әскери қимылдарды тоқтату есесіне кепілге алынған адамдарды босату көзделген. Келісім бекітілген соң шарттарды орындауға 72 сағат беріледі.

Египет, Иордания, Индонезия, Катар, Біріккен Араб Әмірліктері, Пәкістан, Сауд Арабиясы және Түркия бірлескен мәлімдеме жасап, АҚШ-тың бейбіт жоспарына қолдау білдірді.

Қазақстан да АҚШ Президенті Дональд Трамптың Газа секторындағы қақтығысты тоқтатуға арналған жан-жақты бітімгерлік жоспарын қолдайтынын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар