БҰҰ Бас хатшысы Таиланд өкіметі мен оппозициясын зорлық-зомбылықты тоқтатуға шақырды
АСТАНА. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат - БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Таиландтағы жағдайдың ушығуына алаңдаушылық білдірді және жақтаушыларының арасындағы қақтығыстар кісі өліміне әкелген ел үкіметі мен оппозициясын сабырға шақырды, зорлық-зомбылықтан бас тартуға үндеді. Бұл туралы журналистерге БҰҰ Бас хатшысының ресми өкілі Мартин Нескирки хабарлады.
Таиландта өкімет пен оппозиция жақтаушыларының арасындағы қақтығыстың жалғасқанына бірнеше аптаның жүзі болды. Полиция мен Бангкок орталығында шатырлы лагерь тіккен ереуілшілердің арасындағы қақтығыстардың салдарынан осы уақытқа дейін тоғыз адам құрбан болды. Кеше қала орын алған бірнеше жарылыстың салдарынан үш адам көз жұмды, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары бұл жарылыстарды өкімет пен оппозицияның қақтығысымен байланыстырып отыр.
«БҰҰ Бас хатшысы Таиландтағы жағдай мен оның ушығу ықтималдығына қатты алаңдап отыр. Бас хатшы екі жақты та зорлық-зомбылықты тоқтатуға, адам өліміне жол бермеуге, сондай-ақ проблеманы бейбіт жолмен, диалог арқылы шешуге үндеуде», -деп хабарлады оның ресми өкілі.
«Барлық тараптан сабырлық талап ететін сәт туды», - деді Пан Ги Мунның сөзіне сілтеме жасаған оның ресми өкілі.