БҰҰ бас құқық қорғаушысы Иран мен Израильді гуманитарлық заңдарды сақтауға шақырды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазіргі уақытта Израиль мен Иран алмасып жатқан зымыран және ұшқышсыз соққылар бейбіт тұрғындарға елеулі зиян келтіріп, бүкіл аймақта қақтығысты өршіту қаупін төндіріп отыр. Бұл туралы БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының бейсенбі күні таратқан мәлімдемесінде айтылған, деп хабарлайды «БҰҰ жаңалықтары».

— Жаппай зымыран және әуе соққылары, сондай-ақ ұшқышсыз басқарылатын ұшақтардың шабуылдары қазірдің өзінде әскери мақсаттардан асып түсетін айтарлықтай зиян келтіріп отыр. Олар бейбіт тұрғындардың өлімі мен жарақат алуына және азаматтық объектілерге, соның ішінде медициналық инфрақұрылымға, тұрғын үйлерге, су құбырларына, мұнай және газ нысандарына зиян келтірді, — деп атап өтті Фолькер Тюрк.
Жоғарғы комиссардың Иран билігіне сілтеме жасап келтірген мәліметке сәйкес, бұл елде 224 адам қаза болды. Тюрк қосып өткендей, құқық қорғау ұйымдары құрбандар мен жарақат алғандар саны екі есе көп екенін хабарлайды. Израильдің ресми деректері кем дегенде 24 адам қаза тауып, 840-тан астамы жарақат алғанын көрсетіп отыр.
— Иран астанасының үлкен аумақтарын қамтыған эвакуация туралы ескертулерден кейін әсіресе Тегеранда бейбіт тұрғындар үйлерін тастап кетуге мәжбүр болып отыр, — деп қосты Жоғарғы комиссар.
Тюрк халықаралық гуманитарлық құқықтың екі тарап үшін де міндетті, әскери операциялар кезінде айырмашылық, шамаластық және сақтық қағидаттарын толық сақтауды талап ететін, бейтарап шабуылдарға, сондай-ақ азаматтарға немесе азаматтық объектілерге қасақана шабуыл жасауға тыйым салатын негізгі қағидалар туралы еске салды.
— Азаматтық тұлғалар әскери қимылдарды жүргізу кезінде жанама зиян ретінде қаралуы қорқынышты. Екі жақтың жоғары лауазымды шенеуніктерінің қоқан-лоқылары мен жалынды сөздері бейбіт тұрғындарға зиян тигізу ниетін танытып отыр. Эскалация шиыршығынан шығудың жалғыз жолы — барынша ұстамдылық, халықаралық құқықты толық сақтау және келіссөз үстеліне қайта оралу, — делінген мәлімдемеде.
Бұған дейін ҚР Сыртқы істер министрлігі Иран мен Израильде жүрген азаматтарына ескерту жасағанын жазған болатынбыз.