БҰҰ: Газада азық-түлік дағдарысы шегіне жетті

Газа секторындағы гуманитарлық дағдарыс ушығып барады, мұнда шамамен 2 миллион адам ешбір күнкөріс көзі болмай өмір сүріп жатыр. Бұл туралы ТАСС хабарлады. 

БҰҰ: Газада азық-түлік дағдарысы шегіне жетті
Фото: Анадолы

— Газа секторындағы гуманитарлық дағдарыс ушығып барады. Шамамен 2 миллион адам, олардың басым бөлігі қоныс аударғандар, қазіргі уақытта табыс көзінсіз өмір сүріп жатыр және азық-түлік қажеттілігін өтеуде толықтай гуманитарлық көмекті қажет етеді, — делінген ұйым коммюникесінде, оны палестиналық WAFA ақпарат агенттігі келтірген. 

Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы «азық-түлік қорларының күрт азаюы мен өмір сүруге қажетті негізгі ресурстардың өткір тапшылығына» алаңдаушылық білдірді.

БҰҰ жүйесіндегі Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы мәліметінше коммюникеде «ахуалдың күрделене түсуіне Израильдің шекара өткелдерін жабуын жалғастыруы себеп болып отырғаны» айтылған, бұл қоршаудағы Газа секторына өмірлік маңызды азық-түлікті жеткізуге кедергі келтіріп отыр. Ұйымның айтуынша, анклав «үздіксіз әрі тұрақты азық-түлік ағынына мұқтаж». Түрлі мәліметтерге сәйкес, Газада қақтығыс басталғанға дейін 2–2,5 миллион адам болған.

18 наурыз күні Израиль армиясы Газа секторындағы әскери әрекеттерді қайта бастады. Анклавқа жаппай соққылар жасап, қаңтарда орнатылған атысты тоқтату режимін бұзды. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың кеңсесі бұл әрекетті радикалды палестиналық ХАМАС қозғалысының АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф пен делдалдардың ұсыныстарын қабылдаудан бас тартуымен түсіндірді. Мақсат барлық тұтқынды босату. Ал ХАМАС жауапкершілікті Израиль мен АҚШ-қа жүктеді.

Айта кетелік анклавта екі күн ішінде 90-нан астам адам қаза тапты.

 

Соңғы жаңалықтар