БҰҰ қаржылық дағдарысқа ұшырауы мүмкін бе

АСТАНА. KAZINFORM – БҰҰ Бас хатшысының ресми өкілі Стефан Дюжаррик ұйымның қаржылық қиындықтарға тап болғанын растағанымен, оның қашан қаражатсыз қалатынын көрсететін нақты мерзім жоқ екенін мәлімдеді. Бұл туралы ресми өкіл апта сайынғы баспасөз брифингінде айтты.

БҰҰ
Фото: Unfoundation.org

Оның айтуынша, өткен аптада Қытай Халық Республикасынан шамамен 800 миллион доллар көлемінде ішінара төлем түскен, бұл ұйымның қаржылық жағдайын уақытша жеңілдеткен.

– Ұйымның күйреуіне қатысты нақты күн белгіленбеген. Біз барлық мүше мемлекеттерді өз міндеттемелерін орындауға шақырамыз, – деді Дюжаррик.

БҰҰ-дағы қаржы мәселесі алғаш рет айтылып отырған жоқ. Қаңтар айында ұйымның Бас хатшысы Антониу Гутерриш мүше мемлекеттерге жолдаған хатында БҰҰ «қаржылық күйреу қаупіне» тап болғанын ескерткен еді. Оның айтуынша, 2025 жылдың соңына қарай төленбеген жарналардың көлемі рекордтық 1,57 млрд долларға жеткен.

Reuters агенттігінің мәліметіне сүйенсек, Гутерриш ұйымның өтімділік дағдарысы тереңдеп бара жатқанын айтып, егер мемлекеттер жарналарын уақытылы төлемесе, БҰҰ қолма-қол қаражатсыз қалуы мүмкін екенін мәлімдеген. 

БҰҰ бюджетінің негізгі бөлігіне ең көп үлес қосатын елдер — АҚШ пен Қытай. Ұйымның тұрақты бюджетінің шамамен 22 пайызын АҚШ, ал 20 пайызын Қытай қаржыландырады.

БҰҰ деректеріне сәйкес, АҚШ ұйым алдындағы ең ірі борышкер болып отыр. Жыл басында Вашингтонның тұрақты бюджет бойынша берешегі 2,19 млрд долларды құраған. Бұдан бөлек, АҚШ-тың қазіргі және бұрынғы бітімгерлік миссиялар бойынша тағы 2,4 млрд доллардан астам қарызы болған.

Қаржылық қиындықтарға байланысты БҰҰ 2026 жылға арналған бюджетін шамамен 7 пайызға қысқартып, 3,45 млрд доллар деңгейінде бекітті. Сонымен қатар ұйым тиімділікті арттыру және шығындарды азайту мақсатында UN80 реформалар бағдарламасын іске асырып жатыр.

БҰҰ басшылығы қазіргі жағдайда ұйым жұмысының толық тоқтауы туралы сөз қозғауға ерте екенін айтқанымен, мүше мемлекеттердің жарналарды уақытылы төлеуі ұйымның қалыпты қызметі үшін шешуші фактор болып қала береді.

Айта кетейік, БҰҰ-ның миссияларына қатысатын әскерилерге төлемдерді аудару тетігі жеңілдегенін жаздық.