БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі КХДР-дың зымыран ұшыруын бірауыздан айыптады

Қауіпсіздік кеңесінің 3 сағатқа созылған шұғыл отырысы кезінде 15 мүше ел бірауыздан КХДР-дің әрекетін айыптайтын резолюция қабылдады. Пхеньян БҰҰ резолюциясын ұстанып, өзінің зымыран бағдарламасын тоқтатуы керек, делінген құжатта.
«Қауіпсіздік кеңесі атап өткендей, Солтүстік Кореяның әрекеті тек өз өңіріне ғана емес, сондай-ақ БҰҰ-ның барлың мүше елдеріне қауіп төндіруде», - делінген АҚШ-тың ұсынған жобасындағы резолюцияда.
Бұдан бұрын КХДР Жапонияның аумағынан ұшып, кейін Тынық мұхитына құлаған зымыранды ұшырғанын растаған еді.
Солтүстіккореялық мемлекеттік ЦТАК ақпарат агенттігі хабарлағандай, 29 тамыз - Жапонияның үстінен зымыран ұшырған күн кездейсоқ таңдалмаған. Осылайша, Пхеньян 1910 жылы Корея мен Жапония арасындағы келісімді еске салмақшы болған. Оның негізінде Жапония Корей түбегін отарлаған еді.