18:15, 23 Мамыр 2013 | GMT +5
БҰҰ Қазақстанда халықаралық қаржы орталығын құруды ұсынады
АСТАНА. 23 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақстанда халықаралық қаржы орталығын құру туралы ұсыныс жасалды. VI Астана экономикалық форумы мен Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференцияның аясында өткен «Қазақстанның болашақ тұрақты энергетикалық стратегиясы» атты панельдік сессияда БҰҰ арнайы кеңесшісі Серж Мартин осылай мәлімдеді.

БҰҰ сарапшысының айтуынша, Қазақстанда халықаралық қаржы орталығын құру бұл ел үшін үлкен мүмкіндік болмақ. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда дүниежүзінде дамудың түрлі сатысында тұрған 79 қаржы орталығы бар. «Лондон, Нью-Йорк, Гонконг секілді кейбір орталықтардың жұмысы нық орныққан. Ал Дубай, Бейжің, Мәскеу тәрізді қалалардағы орталықтар жаңа дамып келеді. Алайда, өкінішке орай, Орталық Азияда бірде-бір қаржы орталығы жоқ», - деді Серж Мартин. Оның айтуынша, Қазақстан халықаралық қаржы орталығын құру арқылы, әлемге танымал қаржы ұйымдарын тарта алады.