БҰҰ-ның киберқылмыс туралы конвенциясына қосылу неге маңызды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының киберқылмысқа қарсы іс-қимыл туралы конвенциясына қосылуға дайындалып жатыр.

Қазақстан мен БҰҰ
Фото: Сыртқы істер министрлігі

Құжатта киберқылмыспен байланысты ұғымдардың анықтамасы көрініс тапқан. Сондай-ақ конвенцияға қатысушы мемлекеттердің юрисдикциялық өкілеттіктері кеңейеді. Құжатты БҰҰ Бас Ассамблеясы 2024 жылдың желтоқсанындағы № 79/243 қарар аясында қабылдап, цифрлық технологияларды қолдану арқылы жасалған қылмыстарға арналған алғашқы жан-жақты халықаралық-құқықтық құралды бекіткен болатын.

Конвенциядағы ережелер аясы цифрлық кеңістікке бұзып кіру, деректерге рұқсатсыз қол жеткізу сияқты қалыпты ұғымдардан әлдеқайда кең. Тіпті ақпараттық-коммуникациялық жүйелерді адам саудасы, сыбайлас жемқорлық және терроризмді қаржыландыру сияқты ауыр қылмыстарға септесу үшін пайдалану ұғымдарын қамтиды. Цифрлық технологиялар қылмыстың ауқымы мен жылдамдығын едәуір кеңейткенін мойындап отыр.

Конвенциядағы ереже бойынша оған қосылған мемлекеттер өз аумағында жасалған қылмыстар бойынша ғана емес, өз азаматтары мен заңды тұлғалары шетелде зардап шеккен жағдайда да іс қозғай алады. Құжат түрлі елдердің құқық қорғау органдары арасында электрондық дәлелдемелерді сақтау мен алмасудың жеделдетілген рәсімдерін қарастырады.

Конвенцияда өз шеңберіндегі бүкіл іс-әрекет адам құқықтарына, жеке өмірге қол сұқпау мен пікір білдіру бостандығы қағидатын бұзбай жүзеге асырылуы керек екені баса айтылған.
Қазақстан осы конвенцияға қосылу арқылы киберқылмыспен күресте өзге мемлекеттермен тығыз ынтымақтастық орната алады. Сондай-ақ, цифрлық дәлелдемелермен жұмыс істеудің ұлттық тетіктерін жетілдіруге мүмкіндік алады. Конвенцияға қосылу ұлттық заңнаманы киберқауіпсіздік пен құқық қолдану саласындағы халықаралық стандарттарға бейімдеуді талап етуі мүмкін.

Бұған дейін БҰҰ-ның аталмыш конвенциясына 65 ел қол қойғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар