БҰҰ-ның жаңа қарары: 450 жыл қолданыста болған әлем картасы өзгеретін болды

АСТАНА. KAZINFORM — 4 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясы әлем картасында елдер мен құрлықтардың көлемін дәлірек көрсетуге бағытталған қарарды қолдады. Бұл бастама «әлем картасында материктердің көлемі қаншалықты дәл көрсетілді» дегенмәселені қайта көтеріп отыр. Мәселен, бұған дейінгі карталарда Африка мен Гренландияның көлемі шамалас болып көрінеді, ал шын мәнінде Африка одан 14 есе үлкен. Қарарды 164 мемлекет қолдап дауыс берді, олардың қатарында Қазақстан да бар. Ал 6 ел қалыс қалса, АҚШ қарсы дауыс берген жалғыз мемлекет болды.

меркатор картасы
Коллаж: Kazinform / ЖИ

Дегенмен, бұл мәселе бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ. Меркатор картасында елдер мен құрлықтардың көлемі бірдей дәлдікпен берілмейтіні картографияда бұрыннан айтылып келеді. Оның үстіне бұл картаның жасалғанына 450 жылдан асты.

Kazinform тілшісі әлем картасына қатысты бұл мәселенің неден туындағанын және оның неге дәл қазір БҰҰ деңгейіне шыққанын зерделеп көрді.

Меркатор — теңізшілерге арналған карта

Бізге таныс әлем картасының қалай пайда болғанын түсіну үшін XVI ғасырға оралу керек. Фламанд картографы Герард Меркатор өзінің әйгілі картасын 1569 жылы жасаған. Ол ең алдымен теңізде бағыт анықтауға арналған еді. Меркатор қолданған тәсіл теңізшілерге картадағы түзу сызық арқылы қажетті бағытты белгілеуге мүмкіндік берген.

Мұның себебі Жердің шар тәрізді болуымен байланысты. Мамандар шардың бетін жазық қағазға еш өзгеріссіз түсіру мүмкін емес екенін айтады. Мәселен, олар мұны апельсиннің қабығымен салыстырады. Жемістің сыртын аршып алып, оны созбай немесе жыртпай үстел үстіне теп-тегіс етіп жаю мүмкін емес. Жердің бетін жазық картаға түсіргенде де осындай мәселе туындайды.

Картография мамандарының түсіндіруінше, осы себепті жазық карта жасағанда белгілі бір ерекшеліктердің бірін сақтауға басымдық беріледі. Мысалы, бір тәсіл аумақтардың көлемін өзара дұрыс салыстыруға мүмкіндік берсе, екіншісі бағыт пен пішінді жақсырақ сақтайды.

Мамандардың түсіндіруінше, Меркатор картасында экватордан алыстаған сайын аумақтар шын көлемінен үлкенірек болып көрінеді. Сондықтан солтүстікте орналасқан Гренландия, Канада мен Ресей картада көлемінен әлдеқайда ірі көрінсе, экваторға жақын жатқан Африкада мұндай айырмашылық азырақ байқалады.

Мұны Африка мен Гренландияны салыстырғанда анық байқай аламыз. Бізге таныс картада олардың көлемі бір-біріне шамалас болып көрінеді. Ал Африканың нақты аумағы шамамен 30,4 млн шаршы шақырым болса, Гренландияның аумағы 2,2 млн шаршы шақырымға жуықтайды. Демек, Африка Гренландиядан шамамен 14 есе үлкен.

Африканың аумағына АҚШ, Қытай, Үндістан, Жапония, Мексика және Еуропаның едәуір бөлігін сыйдырып жіберуге болады. Алайда бізге таныс картаға қарап, Африканың шын мәнінде қаншалықты үлкен екенін аңғару қиын.

Мамандар мұны Меркатор тәсілінің бастапқы мақсатымен байланыстырады. Esri мәліметінше, бұл проекция теңіз навигациясында бағытты көрсету үшін жасалған және осы міндетті орындауға қолайлы. Ал бүкіл әлемдегі елдер мен құрлықтардың аумағын өзара салыстырғанда оның ерекшеліктері айқын байқалады.

әлем картасы
Фото: news.pn

Кейін Меркатор картасы теңіз навигациясымен ғана шектелмей, кең қолданысқа енді. Оның негізіндегі карталар оқулықтарда, атластарда, қабырға карталарында және басқа да салаларда пайдаланылды.

Цифрлық картографияда да Меркаторға негізделген Web Mercator деп аталатын нұсқа кең тарады. Мамандар мұны оның интернет карталарын экранда көрсетуге және әртүрлі масштабта пайдалануға ыңғайлы болуымен түсіндіреді. Сондықтан XVI ғасырда пайда болған картографиялық тәсілдің бір нұсқасы бүгінгі онлайн карталарда да қолданылып отыр.

Неге дәл қазір өзгерту ұсынылып отыр

Меркатор картасындағы аумақтардың көлеміне қатысты айырмашылық картографияда бұрыннан талқыланып келеді. Оған балама карталар да әр кезеңде ұсынылған.

Солардың бірі — 2018 жылы жасалған Equal Earth картасы. Оның ерекшелігі — елдер мен құрлықтардың аумағын өзара салыстырғанда олардың көлемдерінің арақатынасын сақтап көрсетуі. Мәселен, Африка Гренландиядан шамамен 14 есе үлкен болса, Equal Earth картасында да осы айырмашылық анық көрінеді.

Алайда Equal Earth пайда болғаннан кейін де Меркатор картасы қолданыстан шыққан жоқ. Бұл мәселе кейінгі жылдары Африка елдерінің бастамасымен халықаралық деңгейде жиірек көтеріле бастады.

Соның бірі — Correct the Map, яғни «Картаны түзетейік» бастамасы. Оны қолдаушылар аумақтардың көлемін салыстыру маңызды болатын мектеп оқулықтарында, атластарда және басқа да салаларда Equal Earth сияқты карталарды кеңірек қолдануды ұсынады.

Соның бірі — Africa No Filter және Speak Up Africa ұйымдары бастаған Correct the Map, яғни «Картаны түзетейік» науқаны. Оның өкілдері Меркатор картасының орнына елдер мен құрлықтардың аумағын өзара дәлірек салыстыруға мүмкіндік беретін Equal Earth картасын кеңірек қолдануды ұсынып келеді.

Бастама ең алдымен білім беру саласына назар аударады. Науқан өкілдері Equal Earth картасын мектеп бағдарламаларына енгізуді, оқулықтар мен оқу материалдарындағы әлем карталарын жаңартуды ұсынады. Сонымен қатар мұндай карталарды бұқаралық ақпарат құралдарында, халықаралық ұйымдарда және басқа мекемелерде де қолдануға шақырады.

Correct the Map өкілдері мұны тек картографиялық дәлдік мәселесі деп қарастырмайды. Олардың пікірінше, адамның әлем туралы алғашқы түсініктерінің бірі мектепте көрген картасы арқылы қалыптасады. Сондықтан Африканың картада нақты аумағынан кіші болып көрінуі құрлықтың көлемі мен әлемдегі орны туралы түсінікке де ықпал етуі мүмкін.

2026 жылғы ақпанда Африка одағы да бұл бастаманы ресми түрде қолдады. Ұйымның шешімінде Меркатор картасы Африка құрлығының нақты көлемін дұрыс көрсетпейтіні айтылып, оған мүше мемлекеттерге Equal Earth картасын білім беру саласында қолдану ұсынылды.

Кейін Батыс Африкадағы Того мемлекеті Африка елдерінің атынан бастаманы БҰҰ деңгейіне шығарды. Африка одағының мәліметінше, Того бұл мәселені БҰҰ Бас Ассамблеясының қарауына ұсынуға бастамашы болған.

Бастаманы қолдаушылар бұл мәселені тек географиямен байланыстырмайды. Африка одағы комиссиясы төрағасының орынбасары Сельма Малика Хаддадидің айтуынша, Африканың картада нақты аумағынан кіші болып көрінуі адамдардың құрлық туралы түсінігіне де әсер етеді. Оның пікірінше, мұның ықпалы білім беру мен медиадан бастап, саяси шешімдерге дейін байқалуы мүмкін.

мира
Фото: Kazinform / ЖИ

Мұндай ұстаным Африка одағының ресми құжаттарында да көрініс тапқан. Ұйым осыған байланысты елдер мен құрлықтардың нақты аумағын дәлірек көрсететін Equal Earth картасын кеңінен қолдануды ұсынып отыр.

Африка одағы комиссиясының төрағасы Махмуд Әли Юсуф та БҰҰ қарары қабылданғаннан кейін осы мәселеге қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, XVI ғасырда теңізде бағыт анықтау үшін жасалған Меркатор картасы әлем аймақтарының көлемін өзара дәл салыстыруға мүмкіндік бермейді. Ол да халықаралық ұйымдарды, білім беру мекемелерін, баспалар мен цифрлық платформаларды елдер мен құрлықтардың аумағын дәлірек көрсететін карталарды кеңінен қолдануға шақырды.

4 қыркүйекте бұл бастама БҰҰ Бас Ассамблеясында дауысқа салынды. Қарарды 164 мемлекет қолдап, алты мемлекет қалыс қалды. АҚШ қарсы дауыс берген жалғыз ел болғанын жоғарыда атап өттік. Reuters мәліметінше, Вашингтон бастаманың идеологиялық сипатына қатысты сын айтып, БҰҰ назарын басқа мәселелерге аударуы керек деген ұстаным білдірген.

Осылайша, бұған дейін негізінен картография аясында талқыланып келген мәселе соңғы жылдары Африка мемлекеттері мен Африка одағының бастамасымен халықаралық ұйымдардың күн тәртібіне шығып отыр.

Әлем картасы өзгеруі мүмкін бе

БҰҰ қарары қабылданғанымен, бұл әлем елдері бірден жаңа картаға көшеді дегенді білдірмейді. Қарардың міндетті заңдық күші жоқ. Құжатта Меркатор картасына тыйым салу немесе барлық мемлекетке Equal Earth картасын міндетті түрде қолдану талабы да жоқ.

БҰҰ құжатында жер аумағын салыстыру маңызды болған жағдайда Equal Earth секілді аумақтардың арақатынасын дәлірек көрсететін карталарды кеңінен қолдану ұсынылады. Ал Меркатор картасы теңіз және әуе навигациясы сияқты бағытты дәл көрсету қажет салаларда қолданыла береді.

Бастаманы БҰҰ деңгейіне шығарған Того бұл жұмысты білім беру саласынан бастауды жоспарлап отыр. Reuters мәліметінше, ел билігі мектептердегі география материалдары мен карталарды жаңартуды көздейді. Сондай-ақ бастама аясында басқа мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен, білім беру мекемелерімен және технологиялық компаниялармен жұмыс жүргізу жоспарланған.

Мамандар Equal Earth картасының да өзіндік ерекшеліктері бар екенін айтады. Картографтардың түсіндіруінше, Equal Earth аумақтардың көлемдерінің арақатынасын сақтауға басымдық берсе, басқа көрсеткіштерде айырмашылық болуы мүмкін. Осыған байланысты әртүрлі карталар қолданылатын мақсатына қарай таңдалады. Мәселен, Меркатор картасының ерекшеліктері навигацияға қолайлы болса, Equal Earth елдер мен құрлықтардың аумағын өзара салыстыру қажет болған жағдайда пайдалануға арналған.

Әзірге БҰҰ қарары ұсыным сипатында қалып отыр. Ал оны іс жүзінде қалай қолдану әр елдің, білім беру мекемелері мен картографиялық платформалардың шешіміне байланысты. Бастаманы көтерген тараптар ендігі жұмысты осы ұйымдармен жалғастыруды жоспарлап отыр. Сондықтан алдағы уақытта өзгеріс ең алдымен мектеп оқулықтары, атластар мен цифрлық карталарда байқалуы мүмкін.