09:39, 12 Желтоқсан 2014 | GMT +5
БҰҰ-ның Бас хатшысы Эбола безгегі бойынша іс-қимыл миссиясының жаңа басшысын тағайындады
АСТАНА. ҚазАқпарат - БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Мавритания өкілі Исмаил Улд Шейх Ахмедті Эбола безгегіне қарсы іс-қимыл бойынша дүниежүзілік миссияның жаңа басшысы қылып тағайындады, деп хабарлады ТАСС дүниежүзілік ұйымның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
«Улд Шейх Ахмед 2015 жылы Нью-Йоркке қайтып оралатын АҚШ өкілі Энтони Бэнбериді ауыстырады», - делінген баспасөз қызметінің таратқан хабарламасында.
БҰҰ Бас хатшысы Эбола безгегіне қарсы күрес бойынша миссияны құру бойынша шешімді осы жылдың қыркүйегінде қабылдады. Оның штаб-пәтері Ганада орналасқан. Осы вирустан әлдеқайда көбірек зардап шеккен Гвинея, Либерия мен Сьерра-Леонда оның өкілдіктері бар.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы мәліметтері бойынша, эпидемия салдарынан Батыс африканың үш елінде 6 мың 388 адам қаза болды, тағы 18 мыңы инфекцияны жұқтырды.