Былтыр Байқоңыр кешенін жалға алуға қатысты бюджетке 751 млн. теңге түспей қалды - Қаржы министрі
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрдің айтуынша, бюджеттің атқарылуын қалыптастыру барысында бюджеттік жүйенің барлық қағидаттары сақталған.
«Бұндай қағидаттар сақталмаса, Үкіметтің дағдарысқа қарсы шараларының нәтижесі туралы да сөз айтуға болмайтын еді. Бұдан бөлек, біз Елбасы Үкіметке жүктеген барлық әлеуметтік міндеттерді де орындап отырмыз. Жалпы алғанда, дағдарыс кезеңінде бюджеттің атқарылуына жеткілікті деңгейдегі түсімдерді қалыптастыра алдық», деді Қаржы министрі Болат Жәмішев.
Оның айтуынша, Үкімет 2009 жылғы республикалық бюджет туралы заңның 44 бабының 25-ін толығымен орындап шықты. «Дегенмен де, нәтижеге қол жеткізуге байланысты кейбір баптарды да толығымен орындалды деп санауға болатынын ескеру керек. Мәселен, заңның 2-ші бабына сәйкес, теңге бағамының айырмашылықтарына орай Байқоңырды жалға алуға қатысты 751 млн. теңге толық түспей қалды. Түсініктірек айтатын болсақ, Байқоңыр кешенін жалға алу бойынша Ресейдің бізге берешегі толық түсті. Бірақ, бюджет заңнамасында бекітілген теңге бағамы мен төлем жасау барысындағы теңге бағамы сәйкеспеуінің салдарынан осыншалықты айырмашылық орын алып отыр. Сондықтан да, бұны бюджеттің орындалмауы деп қараған жөнсіз болады деп санаймыз», деді Б. Жәмішев.