Былтыр бекіре балықтарын өндіру зауыттары табиғи ортаға 7 млн. бекіре шабақтарын жіберді
АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат - Балық ресурстарын қорғауға жұмсалған жеке капитал инвестициялары сегіз жылда 10,2 миллиард теңгеге жетті.
Бұл туралы бүгін ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің өткен жылдағы қорытындысы мен биылғы мақсаттарға арналған кеңейтілген алқа мәжілісінде осы ведомствоның басшысы Нұрлан Қаппаров мәлім етті.
«Министрлік алдында тұрған ең маңызды міндеттердің бірі - биоресурстарды сақтап, көбейту. Оның ішінде бекіре тұқымдас балықтарды сақтау мәселесі. Каспий теңізінің су биоресурстары жөніндегі комиссия жұмысының аясында бекіре тұқымдас балықтарды аулауға бесжақты мораторийді енгізу талқылануда. Өз тарапынан Қазақстан мұндай шектеуді бұған дейін енгізген болатын»,- деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, Атырау және Орал-Атырау бекіре балықтарын өндіру зауыттары былтыр табиғи ортаға жеті миллионға жуық бекіре шабақтарын жіберді. Елімізде балықтың басқа да бағалы түрлерін өндіру жұмыстары қолға алынды.
«Балық ресурстарын қорғау мен өндіру шараларына жұмсалған жеке капитал инвестициялары сегіз жылда 10,2 миллиард теңгеге дейін өсті»,- деп нақтылап өтті Н. Қаппаров.