12:24, 27 Қаңтар 2009 | GMT +5
Былтыр электр энергиясын жеткізу қызметінің ауқымы 34,3 млрд. кВт-сағатқа дейін ұлғайды ? Қ. Бозымбаев
АСТАНА. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Өткен жылы республика бойынша электр энергиясын жеткізу қызметінің ауқымы 34,3 млрд. кВт-сағатқа дейін ұлғайды.

Бұл көрсеткіш 2007 жылмен салыстырғанда 105,5 пайызды құрайды. Бүгін 2008 жылдың қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында «KEGOС» АҚ президенті Қанат Бозымбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2008 жылы «KEGOС» АҚ-ның барлық өндірістік көрсеткіштері 2007 жылмен салыстырғанда артып отыр. Электр энергетикасын жеткізу қызметі 105,5 пайызға өссе, техникалық диспетчерлеу қызметінің көлемі 75 млрд. кВт-сағатты құрап, 4 пайызға артты. Сондай-ақ, «Электр энергетикасы туралы» қолданысқа енгізілген заңға сәйкес, бұрын көрсетіліп келген қуатты реттеу қызметінің орнына жаңа қызмет түрі ? электр энергиясын өндіру-тұтынуды теңгерімдеу шарасы енгізілді. Сондай-ақ, 2008 жылы негізгі қызметтен түскен табыс 33 млрд. 276 млн. теңге деңгейінде болады деп болжануда. Бұл көрсеткіштің өзі 2007 жылмен салыстырғанда 16,6 пайызға артық», деді Қ. Бозымбаев. Оның айтуынша, компания табысының артуы «KEGOС» АҚ желілері бойынша электр энергиясын жеткізу көлемінің ұлғаюымен және реттеу қызметі тарифтерінің өзгеруімен байланысты болып отыр.
Сондай-ақ, өткен жылы компанияның шығыс сомасы 26 млрд. 672,4 млн. теңгені құраған. Сонымен қатар, компанияның 2008 жылғы қорытынды табысы 6 млрд. 612,7 млн. теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш 2007 жылмен салыстырғанда 5 есеге жуық артық. «Бұндай көрсеткішке, ең алдымен, табыстың артуы себеп болып отыр. Сонымен бірге, корпоративтік табыс салығы мөлшерлемесінің 30 пайыздан 20 пайызға төмендетілуі есебінен де біршама пайда түсті», дейді компания басшысы.