Былтыр еліміздегі төтенше жағдайлардың саны 18,4 пайызға төмендеді
АСТАНА. 21 мамыр. ҚазАқпарат - Былтыр еліміздегі төтенше жағдайлардың жалпы саны 18,4 пайызға төмендеді. Сондай-ақ, зардап шеккендердің саны 16,2 пайызға, қаза болғандар 18,9 пайызға азайды.
Бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында баяндама жасаған Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко осылай мәлім етті.
Министрдің айтуынша, 2011 жылы және 2012 жылдың бірінші тоқсанында республика бойынша Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел әрекет ету күштері 69 382 рет жедел шақыртуларға шықты. Сондай-ақ, оқыс оқиғалардан 8 662 адам құтқарылып, төтенше жағдай аумағынан 1 184 адам көшірілді.
«Есепті кезеңде зардап шеккен 2 499 азаматқа алғашқы медициналық және психологиялық көмек көрсетілді. 15 мыңнан астам өрт сөндіріліп, ұйымдар мен азаматтардың жалпы сомасы 80 млрд. теңгені құрайтын мүліктері сақталып қалды»,-деді министр.
Оның айтуынша, еліміздің аса күрделі апаттық-құтқару жұмыстары ауа райы тез құбылатын қысқы-көктемгі кезеңдерге тиесілі болып отыр.