Былтыр Қазақстанда электр энергиясын өндіру 8 пайызға артты - «Самұрық-Энерго» АҚ
АСТАНА. 21 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстанда электр энергиясын өндіру ауқымы былтырғы жылы 14 528 млн. кВт/сағатты құрады.
Аталған көрсеткіш 2011 жылмен салыстырғанда 8 пайызға немесе 1 131 млн. кВт/сағатқа артық. Бұл туралы «Самұрық-Энерго» АҚ-ның баспасөз қызметінен хабарланды.
Баспасөз қызметінің дерегіне қарағанда, электр энергиясын өндірудің бұлайша артуы негізінен 2012 жылы іске қосылған қуаттардың, атап айтқанда, «Мойнақ ГЭС» АҚ-ның іске қосылуынан, сондай-ақ «Екібастұз ГРЭС-2» мен «ЖГРЭС» қуаттарын өсіруден туып отыр. Бұдан бөлек, былтырғы жылы электр энергиясын жеткізу 8 395 млн. кВт/сағатты құрап, 2011 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5 пайызға, немесе 433 млн. кВт/сағатқа өскен. Бұл тұтынушылар тапсырысы есебінен артып отыр. Ал компаниялардың электр энергиясын сату ауқымы 5 626 млн. кВт/сағатты құрап, былтырға қарағанда 6 пайызға немесе 296 млн. кВт/сағатқа артқан.
Сонымен қатар, есепті кезеңде «Богатырь Көмір» ЖШС өндірген көмір 44 млн. тоннаны құрады, бұл былтырғыға қарағанда 8 пайызға артық. Бұл ретте көмірді сату 2 млн. тоннаға жетіп, 43,2 млн. тоннаны құраған.
Жалпы «Самұрық-Энергия» АҚ-ның шоғырланған табысы 2012 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында 100 850,3 млн. теңгені құрады. Бұл 2011 жылдың көрсеткішіне қарағанда 15 пайызға көп. Компанияның шоғырландырылған қорытынды табысы 2012 жылдың 12 айында 17 955,0 млн. теңгені құрады.