Былтыр «Самұрық-Қазына» қорына қарасты компаниялардың орталық аппаратында әкімшілік-басқару шығындары 15 пайызға азайды

АСТАНА. Ақпанның 18-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Былтыр «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ қарасты компаниялардың орталық аппаратында әкімшілік-басқару шығындары 15 пайызға азайды.

Былтыр «Самұрық-Қазына» қорына қарасты компаниялардың орталық аппаратында әкімшілік-басқару шығындары 15 пайызға азайды

Бұл туралы ҚазАқпарат Қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Самұрық-Қазына» қоры дағдарысқа қарсы функцияларынан өзге өзінің еншілес компаниялардағы тиімділікті арттыру шараларын да жүзеге асырып келеді. Бұл ретте әлемдік компаниялар сияқты штат санын оңтайландыру, шығынды азайту секілді шаралар да жүргізілуде. Қазіргі күні Қорда және оның еншілес компанияларында 3 кезеңге жоспарланған шығындарды төмендетудің алғашқы кезеңі атқарылды», делінген баспасөз баянында.

Тоқтала кететін жайт, оңтайландырудың алғашқы сатысы бойынша 2008 жылдың соңына таман компаниялардың шығындары жоспарланғаннан 10,6 млрд. теңгеге азайса, оның ішінде 3,9 млрд. теңгесі әкімшілік шығындар болып отыр. Ал екінші кезең бойынша, Қордағы компаниялардың бюджеттерін бекіткен кезде компаниялардың ағымдағы шығындары 99 млрд. теңгеге қысқарып, оның ішінде әкімшілік шығындары 28 млрд. теңгеге азайған. Ал үшінші кезеңде - 2009 жылдың наурыз-сәуір айларында Қордың өзінде және еншілес компанияларының орталық аппаратында әкімшілік шығындар қысқартылды. Компаниялардың орталық аппаратында әкімшілік-басқару шығындары 15 пайызға азайды. Бұдан бөлек, компаниялар құрылымында оңтайландыру деңгейлері ықшамдалып, бір-бірінің қызметін қайталайтын құрылымдар қысқарған. Еңбекақы төлеу көрсеткіші де бүкіл компанияларда 30 пайызға азайды.

«Қазір еншілес компаниялардағы оңтайландырудың екінші кезеңі жүргізілуде. Бұндағы негізгі мақсат - бизнес-үдерістердің деңгейін Қордың стратегиялық мақсаттары деңгейіне жеткізу, оларға ыңғайлы, стратегиялық мақсатқа жету үшін ұйымдастыру құрылымдарын орнықтыру, Қорда бірін бірі қайталайтын жайттарды жою, Қордағы компаниялар арасындағы жауапкершілікті нақты реттеу болып табылады. Ірі компаниялардағы бұл шара ағымдағы 2010 жылы маусым айында аяқталады», делінген баспасөз баянында.