Былтырғы бюджеттен 13,1 млрд. теңге игерілмей қалды ? Б. Жәмішев
АСТАНА. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2009 жылғы қаңтардың 1-індегі жағдай бойынша былтырғы игерілмей қалған қаражат 13,1 млрд. теңгені құрайды.Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде «Қаржы министрлігінің 2008 жылғы жұмыс қорытындылары мен 2009 жылға арналған міндеттері» тақырыбында өткен Үкімет сағатында ведомства басшысы Болат Жәмішев мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2008 жылғы республикалық бюджеттің тапшылығы 359 млрд. теңге мөлшерінде нақтыланған болатын. Осыған орай, 334 млрд. теңге шамасында республикалық бюджеттің қаржыландырылуы сырттан қарыз алу есебінен орын алды. Сондай-ақ, былтырғы жылғы бюджеттік қаражаттардың еркін қалдығы 15 млрд. теңге шамасында болды. Мемлекеттік қаржылық ресурстарды тиімді пайдалану қызметінің нәтижесінде өткен жылғы республикалық бюджет шығыстары 3 трлн. 658 млрд. теңгені, яғни болжанған соманың 99,6 пайызын құрады. Ал бюджеттік қаражаттардың игерілмей қалуы 2009 жылғы қаңтардың 1-індегі есеп бойынша 13,1 млрд. теңге деңгейінде болды», деді Қаржы министрі. Оның айтуынша, игерілмей қалған бюджет қаражатының жартысынан астамы Үкіметтік резервтерді үнемдеуден, бірқатар негізсіз шығыстарды тиімділік тұрғысынан үнемдеуден қалыптасқан. «Сондықтан да бұндай қаражаттың игерілмей қалуы соншалықты өрескелдік болып табылмайды», деді министр.