Бюджет қаражаты банк депозитінде жатпай, әлеуметтік салаға жұмыс істеуі шарт - Есеп комитеті
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өз баяндамасында Қаржы министрі Болат Жәмішев банк депозиттерінде орналастырылған бюджет қаражатына тоқтала келе, ондай қадамды белгілі бір дәрежеде ақтағандай пікір айтқан болатын. «Шындығында, бюджет қаражатының белгілі бір бөлігі банктер депозиттеріне орналасқан. Өйткені, сол банктер арқылы нақты секторды кредиттеу жүргізіледі. Бұл реттегі депозиттің өзі кредитті фондтау қызметін атқарып тұр. Сондықтан да, бұған депозит болмаса кредит те болмайды деп қараған орынды. Егер Үкімет өзінің құрылымдары арқылы өздігінен кредитті бөлетін болса, сонда ғана банктерде жатқан депозиттер туралы әңгіме қозғауға болатын еді», деді Болат Жәмішев.
Дегенмен, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті бұндай мәлімдені негізсіз деп санап отыр. «Дағдарысқа қарсы іс-шараларды бақылаудың қорытындысы көрсетіп отырғандай, көп жағдайда қаражат түпкілікті тұтынушыға жетпей, банк депозиттерінде жиналып, басқа да мақсаттарға бағытталып отырған. Ал Қаржы министрінің депозиттегі қаражатты ақтауға қатысты айтқан пікіріне келсек, жанама алып қарағанда бюджет қаражатының біреудің «қалтасында» емес, несие беретін банкте жатқаны дұрыс болуы да мүмкін. Алайда, бұл қаражат - бюджеттің қаражаты және ол депозитте жатпай әлеуметтік салаға жұмыс істеуі шарт», деді Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев.