Бюджет қаражатын қолды ету әрекеттерінің ең көбі білім саласында ? қаржы полициясы

АСТАНА. Мамырдың 6-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бюджет қаражатын қолды ету әрекеттерінің ең көбі білім саласында орын алып отыр.

Бюджет қаражатын қолды ету әрекеттерінің ең көбі білім саласында ? қаржы полициясы
Бұл мәселеге байланысты мәліметтерді бүгін журналистермен болған брифингте Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Ол келтірген мәліметтерге қарағанда, бұл салада ағымдағы жылдың 3 айында 69 қылмыстық іс қозғалып, оның 12-сі сотқа жолданған. Аталмыш істер бойынша келген шығын көлемі 421 миллион 200 мың теңгені құрап отыр. Әзірге оның тек 5 миллион теңгесі ғана өндіріліп үлгерген. «Бұл мәселеге байланысты жүргізілген тергеу жұмыстары мен қылмысты іздестіру тәжірибесі аталмыш қылмыстардың көбіне білім мекемелері басшыларының белгілі бір азаматтармен ауыз жаласу арқылы жасайтындығын көрсетіп отыр»,- деді ресми өкіл. Оның деректері бойынша, осы уақытта Батыс Қазақстан облысында Бөкей ордасы ауданының Білім беру бөлімінің лауазымды тұлғалары мен осы өңірдегі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің директорына қатысты іс тергелуде. Олар қабылдау актілерінде жұмыс көлемін жасанды түрде көбейте отырып, бюджеттің 13 миллион 800 мың теңгесін талан-таражға салған. Ал Шығыс Қазақстан облысында Зайсан қаласындағы мектеп-интернатының бас есепшісі 2006-2008 жылдары жалақыдан ұстамай, тіркеусіз аванс ретінде 2 миллион 400 мың теңгені қолды қылған.