Бюджеттен елеулі шығын шығармай, біз ерікті түрде мұнай өнімдеріне бағаны төмендете алмаймыз - С. Мыңбаев

АСТАНА. 5 наурыз. ҚазАқпарат  - Мұнай мен газ Қазақстан экономикасының даму бағытында ерекше орын алатыны белгілі.  Олар еліміздің бүгінге дейінгі дамуына үлкен серпін беріп келген болса, алдағы жылдарда да мемлекет мүмкіндігін айшықтаудағы маңызды орынға ие басым салалардың бірі болып қала бермек.
None
None

Сондықтан да, Елбасы  Н. Назарбаев ағымдағы жылғы Жолдауында да бұл салаға баса мән беріп, индустрияландыру және инфрақұрылымды дамыту жобаларының арасында Атырау мұнай өңдеу зауытындағы мұнайды терең өңдеу кешенін құруға, Қарашығанақ кен орнында газ өңдеу зауытын салуға, орталық аймақ, оның ішінде Астананы газбен қамтамасыз етуге назар аудартып, нақты міндетті алға қойған болатын. Сонымен қатар, Президент тапсырмасымен Үкімет Қарашығанақ кен орнын игеру жобасынан мемлекеттік үлесті алу мәселесі бойынша келіссөздерге кірісіп, соңғы жылдары бұны табанды түрде жүргізу нәтижесінде оң жетістіктерге қол жеткен еді. Тәуелсіздік жылдарынан бері жүзеге асып келе жатқан осы Қарашығынақ жобасының жай-жапсары және елдің ішкі нарығын мұнай өнімдерімен қамту туралы бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев баяндаған болатын.

«Қазіргі таңда Қарашығанақ жобасы игерудің екінші кезеңінде тұр. Кен орнын игеру жобасының көлемі жыл сайын шамамен 11 млн. тонна сұйық көмірсутек және 14-15 млрд. текшеметр газ өндірумен сипатталады.  Жобаны іске асырудан бастап 2012 жылдың қаңтарына дейін Қарашығанақтан барлығы 114 млн. тонна сұйытылған көмірсутек және шамамен 136 млрд. текшеметр газ өндірілді. Бұдан бөлек, жоба жүзеге асқаннан бастап өнім бөлігіне шамамен 38 млрд. доллар түсті, одан мердігерге 17,3 млрд. доллар инвестициялық салым қайтарылды. Жобадан Қазақстанның көрген пайдасы 13,3 млрд. теңге болса, мердігер 7,5 млрд. долларға ие болған», - дейді министр Сауат Мыңбаев. Оның айтуынша, бүгінге дейін Қарашығанақтан алынған өнім шикізат кен орнының жалпы есептелген геологиялық қорының шамамен 10 пайызын ғана құрайды екен. Сондықтан да Қарашығанақтың Қазақстан үшін маңызы зор. Ал келіссөздерге келетін болсақ, Үкімет соңғы екі жарым жыл бойы Қарашығанақ консорциумымен бірқатар даулы мәселелер бойынша келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде 2011 жылдың 14 желтоқсанында Қазақстан мен мердігер компаниялар арасында даулы мәселелерді реттеу туралы келісім жасалды. Келісімге сәйкес даулы мәселелерді реттеу есебінен мердігер компания Қазақстанға жобадағы үлестің 5 пайызын береді. Бұдан бөлек тағы 5 пайызын 1 млрд. долларға сататын болады. Сондай-ақ, Қазақстан тарапы Қарашығанақтың ірі инвестициялық жобалары бойынша шығындарын бақылау тетігіне де иеленген. Бұл құны 500 млн. доллардан асатын ірі инвестициялық жобалар үшін қолданылатын болады. «Қазіргі сәтте тараптар негізінен келісімнің кейінге қалдырылған бірқатар шарттарын іске асырумен шұғылдануда. Бұл жұмыс биыл 30 маусымға дейін аяқталуы тиіс. Тараптар кейінге қалдырған шарттардың барлығын ортақ келісіммен орындаған жағдайда реттеу туралы келісім күшіне енетін болады. Егер, мұнай бағасы барреліне бүгін болжанып отырған 85 долларды құрайтын болса, 2012-2017 жылдар аралығында «ҚазМұнайГаз» компаниясы ақша ағыны түрінде Қарашығанақтан 3,3-5 млрд. долларға дейін қосымша табыс алатын болады. Ал, мұнай бағасының баррелі осы күнгі 110 доллар шамасында сақталатын болса, сәйкесінше «ҚазМұнайГаздың» иеленетін табысы да айтарлық арта түседі», - деді Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев.

Осыған орай, қазіргі таңда Парламент Сенатында талқыланып жатқан бюджет жобасында «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В» консорциумынан 10 пайыздық қатысу үлесін сатып алуға 300 млрд. теңге бөлетіні көзделген болатын. Сондықтан да, Қазақстан үшін Теңіз және Қарашығанақ кен орнын игеру жобалары ерекше маңызды жобалар болып табылады.

Ал жалпы елдің ішкі нарығын мұнаймен және оның өнімдерімен қамтамасыз ету мәселелеріне келетін болсақ, бұнда бірқатар нақты бағыттар айқындалған. Мұнай бағытындағы мәліметтерге сүйенетін болсақ, былтырғы жылы елімізде мұнай өндірудің көлемі 81 млн. тоннаны, ал мұнай импорты 7,1 млн. тоннаны құрады. Бұл ретте отандық мұнай өңдеу зауыттарына барлығын қосқанда 15 млн. тонна мұнай жеткізілді. Оның ішінде 13,7 млн. тонна қазақстандық мұнай зауыттарына жеткізілсе, 1,3 млн. тонна шағын зауыттарға жөнелтілген. Министрдің айтуынша, былтырғы жылы қазақстандық мұнай экспортының көлемі 71 млн. тоннаны құрады. Мәліметтерге қарағанда, экспорт бағыттары бойынша  Атырау - Самара - 15427,4 мың тонна (100,6 пайыз) Орынбор ГӨЗ-і (конденсат) - 1211,296 мың тонна (60,3 пайыз), КҚК - 28085,709 мың тонна (98,6 пайыз), Атасу - Алашаңқай - 10694,139 мың тонна (105,9 пайыз), Ақтау теңіз порты арқылы - 7982,702 мың тонна (84,1 пайыз); темір жол арқылы -7655,941 мың тонна (127 пайыз) тасымалданған.

Ал импорт мөлшері 7 млн. тоннадан асты. Бұл елдің ішкі нарығы сұранысының жартысынан астамды құрап отыр. Яғни бірқатар сарапшылар бензин бағасының өсуін осындай мұнай импортынан көретіні жасырын емес. «Былтыр Ресей мұнайы Павлодар және ішінара Шымкент мұнай өңдеу зауыттарына жеткізіліп тұрды. Жалпы алғанда елімізде ішкі тұтынудың жартысына жуығы мұнай импортының есебінен болып табылады. Бұндай жағдай белгілі бір тәуелділікке әкеп соғуы да әбден мүмкін екенін жоққа шығаруға да болмайды. Ал тәуелділіктен құтылуға және біздің мұнай өңдеу зауыттарын отандық өніммен қамтамасыз етуге бола ма? Мұндай мүмкіндік ішінара Қазақстан-Қытай құбырын салған уақытта пайда болды. Дегенмен мұнай импортынан құтылу мәселесін нақты бағалау қажет етіледі. Өйткені, Павлодар зауыты бастапқыда Батыс Сібір мұнайына жобаланған және отандық мұнайды пайдалану барысында технологиялық сипаттағы мәселелер орын алып отыр. Тапшылықтағы ашық-түсті мұнай өнімдерінің шығаруы азайып тұр», - дейді Сауат Мыңбаев.  Бұдан бөлек, министрдің айтуынша, отандық мұнайды өңдейтін зауыттарға қарай құбырлар арқылы тасымалдау және теміржол арқылы жеткізу шығыны зор болып табылады. Ең бастысы республикалық бюджеттен ықтимал шығыстар едәуір соманы құрайды.  «Ішкі нарыққа баратын жеткізілімге қарағанда экспорттық жеткізілімге жоғары салық салынады. Егер біз экспортымызды 7 млн. тоннаға азайтып, осы 7 млн. тоннаны ішкі нарыққа қайта бағыттасақ, онда біздің бюджетке жылына 1,8 млрд доллар кем түсім түсетін еді. Ал Ресей 7 млн. тонна мұнайды Қазақстанға жеткізу барысында одан да көп жоғалтады. Себебі олардың экспорттық баж салығы бізге қарағанда жоғарылау. Осыған орай былтырлары Ресей Қазақстанға бажсыз мұнай жеткізуді дереу тоқтатуға көндіргісі келді. Алайда, келіссөздер нәтижесінде осындай жеткізілімдер 2014 жылға дейін сақталатын болып уағдаластық. 2014 жылдан кейін алмасу операциялары жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте біз мұнайды Омбы-Павлодар құбыры арқылы алатын боламыз, ал Қазақстанның дәл осындай мөлшердегі көлемі Атырау-Самара құбыры арқылы жеткізіледі», - дейді С. Мыңбаев.

Министрдің айтуынша, Қазақстан Ресеймен мұнай алмаспай, тек сатып алып отырған жағдайда көрші елдің ұстанған бағасына еш әсер ете алмаймыз. «Қайткенде де біз алып отырған Ресей мұнайының бағасы бренд бағасынан екі есеге арзан. Ал бұның өзі Қазақстанда тұтынатын мұнайдың тең жартысына жуық болып табылады. Жалпы бұдан шығатын қорытынды бюджеттен елеулі шығын шығармай, біз ерікті түрде мұнай өнімдеріне бағаны төмендете алмаймыз», - дейді министр. 

Жалпы мұнай импортынан құтылудың тағы бір жолы -  бұл отандық мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту. Бұндай шара қазіргі таңда қолға алынып жатқаны белгілі. «Келешек турасында айтатын болсақ, іші нарықта бағаны тұрақты ұстау үшін еліміздегі үш зауыт та қайта жаңғыртудан өтетін болады. Бүгінгі күні Атырау зауытында бұл жұмыс басталып кетті. Ол 2014 жылдың ортасына таман бітуі тиіс. Ал Шымкент зауытының мемлекеттік сараптамасы алынды, жұмыс басталса 2015 жылы қайта жаңғырады. Павлодар зауытының техникалық экономикалық негіздемесі де бітті, ондағы жаңғырту жұмысы 2016 жылға қарай аяқталмақ», - деді С. Мыңбаев. Оның айтуынша, жоспар бойынша аталған үш зауыттың өндіру қуатын арттыру және еуро-4, еуро-5 стандарттарына сай өнімдер шығару көзделеді. «Министрліктің болашақ бағытқа қатысты ұстанымы айқындалған. Егер ішкі нарықты ескеретін болсақ, Шымкент зауытын қайта жаңғыртудан кейін оның қуатын бүгінгі 6 млн. тоннадан қосымша 6 млн. тоннаға дейін өнім өндіруге көтеруге мүмкіндік баршылық. Жалпы Кеңес Одағы кезінде осы зауыттың қуаты дәл 12 млн. тоннаға жоспарланған болатын. Сондықтан да, Шымкент зауытының қуатын арттыру оң шешім болуы мүмкін деп ойлаймыз», - деді Сауат Мыңбаев. Сонымен қатар, ведомство басшысы Премьер-Министрдің төртінші зауыт салуға қатысты тапсырмасы бар екенін айта келе, оның орналасатын жері әлі белгісіз болып отырғанын атап өтті. «Жаңа зауыт негізінен Қашаған мұнайына байланысты болатыны белгілі. Жалпы қисынға салсақ, бұл зауыт Қазақстанның орталығында болуы да керек шығар. Алайда бұның нақты шешімі әлі қабылданған емес», - деді ол. Жалпы жиын барысында мұнай саясатына қатысты ұстанған бағытты депутаттық корпус та құптайтындықтарын білдірді.  

Соңғы жаңалықтар