Бюджеттен қыруар қаржы құйылғанымен орта бизнестің экономикадағы үлесі төмендеуде — Мәжіліс депутаты
АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы бес жылда кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан 4,5 триллион теңге көмек көрсетілді. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нұртай Сабильянов айтты.
— Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 4,4 млн адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Бұл жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санының 48 пайызын құрайды. Алайда, бюджеттен қыруар қаржы құйылғанына қарамастан, орта бизнестің экономикадағы үлесі төмендеуде және ол соңғы бес жылда 6,7 пайыздан аспай отыр. Мәселен, соңғы бес жылда кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан 4,5 триллион теңге көлемінде көмек көрсетілді. Сондықтан, мемлекеттік қолдаудың қайтарымы, тиімділігі болуы маңызды, — деді Мәжіліс депутаты.
Айта кетейік, Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Жоғары аудиторлық палатаның жеке кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігіне қатысты есебін тыңдап отыр.
Отырыс барысында Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов бизнесті қолдау тетіктерінің кемшілігін атады.