Бюджеттің және Ұлттық қордың тепе-теңдігін қамтамасыз ететін саясат жүзеге асатын болады - Б. Сағынтаев
АСТАНА. 11 қыркүйек. ҚазАқпарат - Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында бюджеттің және Ұлттық қордың тепе-теңдігін қамтамасыз ететін бюджеттік саясат жүзеге асатын болады.
Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде «2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстыру барысында Экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.
Министрдің айтуынша, мемлекеттік борышты қалыпты ұстау үшін тапшылықты 2013 жылы 2,1%-дан 2015 жылы 1,5%-ға дейін төмендету жоспарлануда. Бұл ретте Ұлттық қорда кепілдендірілген трансферт көлемінде қордың қаражатын пайдалануды шектеу жолымен қаржы ресурстарын жинақтау саясаты жалғастырылады.
«Бұл 2015 жылы мұнайды есепке алмағандағы тапшылықтың 3,9%-ға дейін төмендеуіне және Ұлттық қордағы қаржы ресурстарын жинақтауға ықпал етеді. Болжамды түсімдер мен жоспарланған тапшылықтың төмендеуін ескере отырып, республикалық бюджеттің шығыстары 2013 жылы 6,2 трлн теңге, 2014 жылы 6,5 трлн және 2015 жылы 7,1 трлн теңге көлемінде айқындалды», - деді министр.