Біз жеңеміз деп айтуға ерте, спортшылардың көбі ырымға сенеді – А.Луценконың алғашқы жаттықтырушысы

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – 26 шілде күні Парижде басталатын Олимпиада ойындарына Солтүстік Қазақстан облысынан жалғыз спортшы – велошабандоз Алексей Луценко қатысады. 32 жастағы спортшы жекелей сында және топтық жарыста өнер көрсетеді. Байрақты бәсеке алдында Kazinform тілшісі Луценконың алғашқы жаттықтырушысы, СҚО әйелдер велоспортының аға жаттықтырушысы Виктор Потаповпен сұхбаттасқан еді.

Виктор Потапов
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Виктор Иванович, Алексей Луценкомен алғашқы кездесуіңіз есіңізде ме?

- Балаларды тобыма алмас бұрын олардан шағын емтихан аламын. Ұзындыққа секіреді, жылдамдығын байқау үшін 30-60 метрге және шыдамдылығын тексеру үшін 500-800 метрге жүгіртемін. Сосын ауылдарға, елді мекендерге өзім барып, дарынды балаларды іздеймін. Бірде осындай емтиханды Соколовка елді мекенінде өткіздім. Екі бала келді, біреуі - Алексей, екеуі де мығым, бір көргеннен ұнады. Ата-аналарымен сөйлесіп, мектептерін көндіріп, спорт интернатына, 7-сыныпқа оқуға алып келдім, бірақ бірер күннен кейін екіншісі үйіне кетіп қойды. Осылайша Алексеймен таныстығымыз басталды.

Велоспортқа икемін көргеннен кейін өзімен сөйлесіп, спорттың осы түрінен бағын сынап көруді ұсындым. Велобазаға әкеліп, қабырғада ілініп тұрған атақты спортшылардың, соның ішінде Винокуров та бар, суретін көрсетіп, жетістіктерімен таныстырдым, баланың қызығушылығын оятып, тіл табысып кеттік.

- Алексейдің басқалардан ерекшелігі неде?

- Алексей айтқанды бірден ұғып алатын, жаттықтыру кезінде де тапсырмаларды асықпай-саспай орындаса да, өз тобындағылардың алды болып жүретін. Онда спортшыға керек жақсы қасиет бар – жеңілгенді ұнатпайды.

Қарапайымдылығымен баурап алады. Алдына мақсат қоя біледі. Сосын ақылды, мұғалімдері айтатын: Леша жарыстан келгеннен кейін сабақта 2-3 күн тыныш отырады, сосын ұғып алғаннан кейін қол көтеріп, жауап беріп, басқаларын қуып жетеді деп.

- Жеңіс жолында қиындықтар да болған шығар?

- Бірінші жылы Леша жасөспірімдер арасындағы чемпионаттарда ешқандай орын ала алмады. Бірақ, жеңілдім деп салы суға кетпеді, мен де жаттықтырушысы ретінде оны қатты қинамадым. Шеберлігін шыңдауға, төзімділігін арттыруға жұмыс істедік. Нәтижесінде юниорлар арасында өткен жарыстарда өзін көрсете бастады. Кейін жеті жылдан кейін «андерлер» арасында, яғни 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында Әлем чемпионы атанды. Әрине, мен де бұл жеңіске қатты қуандым. Көп жыл балаларды жаттықтырдым, арасында талантты спортшылар да болды, бірақ, Алексей Луценко Әлем чемпионы атанған менің алғашқы шәкіртім.

Дарынды, болашағынан үміт күттіретін, жеңіске деген ынтасы зор баланы табу әр жаттықтырушының арманы. Бірақ жақсы командасыз, қажетті жағдайсыз чемпионды тәрбиелеу, оның дарынын ашу мүмкін емес.

- Алексеймен қатысты есіңізде қалған қызықты оқиғамен бөлісіңізші…

- Алматыда оқу-жаттығу жиыны өтті. Біз тауда тұрдық, жаттығулар сол кезде Горький атындағы саябақта орналасқан тректе өтеді. Қала көшелерінде қозғалыстан жүріп болмайды, біз күнде жолға шығамыз, балалар велосипеттерімен алда, мен тректе жүретін велосипедтерді артып алып көлікпен артта келемін. Бір кезде олардан көз жазып қалдым кептелістен. Алексей әл-Фараби көшесінде көлікті басып озбақ болған, бір кезде көліктің есігі ашылып, қатты келіп қалған ол тоқтап үлгермей, жаңағы есікке соғылған. Салдарынан саусақтарын сындырып алды. Көлігіме отырғызып алып, бір ауруханаға бардық, бізді қабылдамады, екіншісінен тағы басқасына жіберді. Сосын тым болмаса ауыруды басатын екпе жасауды сұрадым. Ауыру - спортшының бәріне жақсы таныс, кезінде өзім де талай бастан өткердім. Сол жолы Алексейге риза болдым, сынған жері қатты ауырса да шыдап, көз жазын көрсетпеді, бір қыңқ етпеді.

Қазір телефонмен сөйлескенде, осындай оқиғаларды есіме салады. Ауылдан шыққан балаға бәрі қызық еді. Қарапайым отбасында туған. Әкесі – діни қызметкер, анасы – балықшы болды. Кейде жол түсіп үйлеріне барғанда анасы ұстаған балығын көрсететін, ондай ірі балықты қармаққа түсіру ер адамдардың да екінің бірінің қолынан келе бермейді.

- Алексеймен қаншалықты жиі хабарласып тұрасыздар?

- Мені алғашқы жаттықтырушысы ретінде ұмытпайды, барлық мерекелерде, туған күнімде телефон шалып, құттықтап тұрады. Үйленген кезде тойына да шақырды. Жаттықтырушы әрі әке, әрі шеше, керек кезінде дәрігер, тәрбиеші, тағысын тағылар болып кете береді. Сондықтан барлық тәрбиеленушілеріммен байланыстамын, олар менің балам сияқты ғой. Солай болуы да керек.

- Өзіңіз жайында айтып берсеңіз…

- Мен КСРО-ның спорт шеберімін. Халықаралық жарыстарға шығып өнер көрсеттім. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысымын. Жұмысым өзіме ұнайды. Кей жылдары менің 4 бірдей шәкіртім Әлем чемпионатында өнер көрсеткен кездері болды. Мұны мақтан тұтамын. Балаларды жаттықтыруға 23 жасымда келдім. Содан бері еңбек етіп келемін. Бүгінде облыста ғана емес, Қазақстандағы ең егде жастағы жаттықтырушылардың бірімін. Қазір СҚО олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің жаттықтырушысымын.

- Велоспорттағы қазіргі жағдайға көңіліңіз тола ма?

- Менің пікірімше, жаттықтырушыларды ғана емес, спорт саласында жүрген басшыларды да келісім-шартқа отырғызу керек деп ойлаймын, ол мүмкін мемлекеттік тапсырыс болар. Сол кезде жақсы мотивация болады, көзқарас та түбегейлі өзгерер еді. Жұмыс істейтін, чемпион тәрбиелей алатын жаттықтырушылар бар, бірақ олардың қаржының жеткіліксіздігінен «қолы байлаулы». Жарыстарға, оқу-жаттығу жиындарына жиі шыға алмайды, қажетті керек-жарақ ескірген. Бұл велоспортқа ғана емес, спорттың барлық түріне қатысты және СҚО-да ғана емес, Қазақстан бойынша жағдай осындай.

Велоспорт – спорттың ең қиын түрлерінің бірі, мұнда батылдық керек. Нағыз ерлерге арналған спорт дер едім. Десек те мен облыстағы әйелдер велоспортына жауап беремін. Қыздардың арасында да спортқа берілген, еңбекқор, шыдамды, талантты, жеңіске ұмтылған спортшылар жетерлік.

Қазір өңір құрамасына кірген спортшыларға еңбекақы төлеуге мүмкіндігіміз бар, жалпы басқа облыстармен салыстырғанда жағдайымыз жаман емес.

- Балалар арасында велоспортқа қызығушылық бар ма?

- Ия, қызығушылық бар, бірақ келген кезде қандай спорт түрін таңдағанын, оның айырмашылығын білмейді және ең бастысы жаттықтырушы ұнаса болды. Сондай-ақ бұрынғы балалармен салыстыруға келмейді, қызықтыру, тарту үшін жаңаша жұмыс істеу керек. Келген балалардың бәрі бірдей чемпион болмайтыны белгілі, мақсатымыз да ол емес – ең бастысы тәрбиелеп, жақсы жол көрсету.

- Олимпиаданың басталуына санаулы күн қалды. Біздің велоспортшылардың, соның ішінде Алексей Луценконың мүмкіндігін қалай бағалайсыз, жеңістен үміт бар ма?

- Әрине. Бірақ, біз жеңеміз, алтын аламыз деп 100% айта алмаймын, айтуға да болмайды, өйткені, спортшылардың көпшілігі ырымға сенеді. Винокуров 38 жасында Олимпиада ойындарының чемпионы болды. «Бап шаба ма, бақ шаба ма» деген бар, сәттілік тілеймін. Луценко төрткүл дүние көз тіккен додаға облысымыздан қатысып жатқан жалғыз спортшы, сондықтан өңір жұртшылығы да оның тілеуін тілеп отыратынына сенімім мол.

Соңғы жаңалықтар