Бізде технологиялық тәуелсіздік жоқ — Күнсұлу Закария
АСТАНА. KAZINFORM — Сенатта ғылыми-техникалық қызметті дамыту мәселесіне арналған кездесу өтіп жатыр.

Жиында сөз алған ҚР Президентінің ғылым және инновациялар мәселелері жөніндегі кеңесшісі Күнсұлу Закария қатысушыларды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтай келіп, ғылымның кенже қалып жатқан салаларына тоқталды.
— Мемлекеттік рәміздер күнін жыл сайын атап өтіп жүргеніміз — тәуелсіздігіміздің белгісі. Дегенмен шекарамыз бен тіліміз, Конституциямыз бен рәміздеріміз болғанымен, технология жағынан бізде әлі тәуелсіздік жоқ. Технологияларды, көптеген өнімді біз сырттан әкелеміз. Ол бәріңізге мәлім. Қазіргі таңда ғылымды дамыту Қазақстан үшін басым бағыттардың бірі екенін білесіздер. Себебі ғылым — экономиканың өсуіне ықпал ететін, жаңа жұмыс орындарын ашатын, азаматтардың өмір сапасын жақсартатын технологиялық инновациялардың негізі, — деді ол.
Ғалым елімізде ғылым соңғы жылдары айтарлықтай ілгерілегенін айтады.
— Ғылыми ұйымдарды жаңғырту шараларының, шетелде тағылымдамадан өтушілердің саны бірте-бірте артып келеді. Бұл ғылымды жаңа ұрпақ үшін тартымды етіп отыр, — деді Күнсұлу Закария.
Айта кетейік, бүгін Гүлзат Көбенова ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі лауазымына тағайындалды.