Бәлкім біздегі сиыр етінің бағасы әлем бойынша ең арзаны болар — Серік Жұманғарин
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин елдегі сиыр еті бағасына қатысты түсінік берді.
— Біздегі сиыр еті — посткеңестік кеңістікте ғана емес, бәлкім әлем бойынша ең арзан өнімдердің бірі. Мал шаруашылығымен айналысқысы келетін адам көп емес. Ол дегеніміз — жыл он екі ай демалыссыз еңбек ететін адам. Таңғы 5-те тұрады, малға су беру керек, қораны тазалау керек, малға жемшөп беру қажет. Сенбі, жексенбі деген демалыс жоқ. Оның үстіне ет алу үшін кем дегенде 3 жыл уақыт керек. Сонда еттің құны қанша болуы тиіс деп ойлайсыз? Қымбат деген не? Арзан деген не? — деген сауал қойды Серік Жұманғарин Президенттің Қазақстан халқына Жолдауынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.
Министрдің айтуынша, көрші елдерде Қазақстанның еті 10-12 доллардан сатылып жатыр.
— Мәзірде «Қазақстанның еті» деп жазылып тұрады және оған үлкен сұраныс бар. Бізде ондай баға жоқ. Сондықтан бірден айтайын, ет экспортын жаппаймыз. Экспорттық келісімшарттар бар, ұйымдасқан, бордақылау алаңдары бар, адал табыс тауып отырған шаруашылықтар экспортты жалғастыра береді. Ал ештеңе өндірмей, малды арзанға алып, жеткілікті жемшөп бермей, тек бір сәттік пайдаға ұмтылатын делдалдарға жол бермейміз, рұқсат етпейміз, — деп түсіндірді вице-премьер.
Бұған дейін вице-премьер еліміздегі картоп бағасына қатысты ойын ортаға салған еді.
Бірнеше күн бұрын Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов соғым маусымы жақындап қалды елде ет бағасы қалай болады деген сауалға жауап берді.