Біздің қоғам жасанды интеллектіні ChatGPT-мен байланыстырып жүрген секілді – Тимур Бектұр
АСТАНА. KAZINFORM – Генеративті жасанды интеллект дүмпуі әлемде жасанды интеллекті жайында жиі айтуға түрткі болды. Мұндай пікірді IT-сарапшы, IT-ағартушы Тимур Бектұр білдірді.

- Қазір смартфонсыз жүре алмаймыз, 13-ші мүшемізге айналып кетті. Дәл сол секілді жасанды интеллекті қай салада қолданылады деген болмайды. Малшы, дәрігер, инженер, мұнайшы, мұғалім, заңгер, жалпы елімізде 450-ден астам мамандық бағыты болса, соның барлығына қатысты. Яғни, технология күнделікті өмірімізге енді. Қашып құтыла алмаймыз. Жасанды интеллекті де сондай, - деді сарапшы BIZDIÑ ORTA подкастында.
Оның айтуынша, ChatGPT-дің пайда болуы жасанды интеллектімен тікелей байланысуға мүмкіндік беріп отыр.
- Біздің қоғам жасанды интеллектін ChatGPT-мен байластырып жүрген секілді. Негізі соңғы 3-4 жылда бүкіл әлемнің жасанды интеллект деп көп айтуының себебі - генеравтивті жасанды интеллектінің дүмпуі. Яғни, сіз ChatGPT секілді чаттарға сауал қоясыз. Ол жоқ жерден сізге мәтін, видео, сурет шығарып береді. Мұны технология тілінде генеративті жасанды интеллект деп айтады. Мәселен, YouTube-тан видео қарағанда келесі видеоға ұсынысы жасайтын ол – жасанды интеллект. Бәріміз Instagram-да отырамыз. Онда кімге лүпіл басатынымыз, кімге жазылатынымыз жасанды интеллект алгоритмі арқылы жұмыс істейді. Яғни, генератив жасанды интеллект. Ол біз қолданып отырған қандай да бір платформалық технологияның астарында жатқаннан кейін жасанды интеллектіні пайдаланып жүргенімізді білмедік. Ал ChatGPT келіп, бүкіл әлемде жасанды интеллектімен делдалсыз тікелей байланысатын мүмкіндік берді, - деді Тимур Бектұр.
Бұған дейін мектептерде жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану бойынша оқыту басталғанын жазған едік.