БЖЗҚ-дағы шекті мөлшерден артық қаражатын алған азаматтар салықтан босатылады

АСТАНА. KAZINFORM – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алынған зейнетақы қаражатына қатысты салық міндеттемелерін орындауды зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі кезеңге қалдырған азаматтар салықтан босатылады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин айтты.

БЖЗҚ
Фото: ШҚО Күршім ауданы әкімдігі

Отырысы барысында Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау Салық кодексінің жобасы мен оған ілеспе заң жобасы аясында, атап айтқанда Әлеуметтік кодексте Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан берілетін зейнетақы қаражатынан, оның ішінде біржолғы зейнетақы төлемдерінен жеке табыс салығын тоқтату көзделіп отырғанын айтты. 

- Алайда, көптеген азамат БЖЗҚ-дан алынған зейнетақы қаражатынан жеке табыс салығын төлегені бәріміздің есімізде. Азаматтардың басқа бөлігі осы қаражат бойынша өздерінің салық міндеттемелерін орындауды зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі кезеңге қалдырды. Осыған байланысты БЖЗҚ-дан қаражат алу кезінде салық төлеген азаматтардың саны қанша және төленген жеке табыс салығын оларға қайтару жоспарланып отыр ма?, - деп сұраған еді.

Сауалға жауап берген бірінші вице-министр БЖЗҚ-дан алынған зейнетақы қаражатына қатысты салық міндеттемелерін орындауды зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі кезеңге қалдырған азаматтар салықтан босатылатындығын айтты.

- Ал төлеп қойғандар үшін салық төлемдері қайтарылмайды. Олардың санына қатысты нақты деректер қолымда жоқ. Рұқсат болса, жазбаша берейік, - деді Азамат Әмрин.

Айта кетейік, бүгін Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мәжілістің жалпы отырысында Салық кодексінің жобасындағы соңғы өзгерістерді атады.

Соңғы жаңалықтар