БЖЗҚ-ның инвестициялық табысы 81,4 пайызға артты
АСТАНА. KAZINFORM – 2024 жылдың қаңтар-шілде айларында «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-тың таза инвестициялық кірісі 1,38 трлн теңгеге жетіп, 81,4 пайызға артты. Бұл туралы қордың баспасөз қызметінен мәлім етті.

«2024 жылдың 7 айында қазақстандықтардың таза инвестициялық кірісі 1,38 трлн теңгеден асты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 619,3 млрд теңгеге немесе 81,4 пайызға артық», - делінген БЖЗҚ ақпаратында.
Қор мәліметінше, 2024 жылдың 7 айында БЖЗҚ-дағы міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы активтерінің кірістілігі осы кезеңдегі инфляция 4,7 пайыз болған кезде 7,51 пайызды көрсетті. Зейнетақы активтерінің жылдық кірістілігін қарастыратын болсақ, онда ол 2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 12,72 пайызды, ал инфляция 8,6 пайызды құрады.
2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша БЖЗҚ-ның жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтерінің кірістілігі 2,53 пайыз болды.
Осыған дейін қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары 20 трлн теңгеге жеткенін жаздық.