БЖЗҚ орташа зейнетақы төлемінің мөлшерін атады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандықтардың «БЖЗҚ» АҚ-дағы зейнетақы жинақтарының көлемі 2026 жылдың 1 қыркүйегіне 28,47 трлн теңгеден асты. 12 айдағы өсім – 3,36 трлн теңге немесе 13,4%.
2026 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша міндетті зейнетақы жарналарынан қалыптасқан зейнетақы жинақтарының көлемі — 26,37 трлн теңге, 12 айда 2,53 трлн теңгеге немесе 10,6% өсті.
Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары 12 айда 5,0%-ға ұлғайып, 746,13 млрд теңге болды.
Ерікті зейнетақы жарналары бойынша жинақ көлемі де ұлғайды: 2026 жылғы 1 қыркүйекке оның көлемі 10,43 млрд теңге болып, 12 айда 7,1% өсім көрсетті.
— Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы шоттарына 2024 жылғы 1 қаңтардан түсе бастаған жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары 12 ай ішінде 2,5 есеге ұлғайып, 2026 жылдың 1 қыркүйегіне 1 348,82 млрд теңге болды.
Зейнетақы жинақтарының көлемі зейнетақы жарналары мен инвестициялық кіріс түріндегі кіріс ағындары есебінен ұлғаяды. 2026 жылдың 8 айында салымшылардың жеке және шартты зейнетақы шоттарына 2 439,42 млрд теңге түсті, өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 15,9%-ға (немесе 334,44 млрд теңгеге) артық, — делінген хабарламада.
МЗЖ есебі жүргізілетін жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) 2026 жылдың басынан бастап 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін 1 865,85 млрд теңге (өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда МЗЖ көлемі 8,1%-ға ұлғайды), МКЗЖ — 100,97 млрд теңге (өсім — 12,3%), ЕЗЖ — 1412,37 млн теңге түсті. Жыл басынан бастап 01.09.2026ж. жағдай бойынша ЖМЗЖ есебінен жарналар 471,18 млрд теңге болды.
Жыл басынан бері салымшылардың шоттарына түскен таза инвестициялық кіріс 01.09.2026ж. жағдай бойынша 1198,09 млрд теңге.
2026 жылғы қаңтар-тамыз айларында БЖЗҚ-дан жарналардың барлық түрлері бойынша жасалған төлемдер мен сақтандыру ұйымдарына аударымдар 1242,35 млрд теңге.
— Зейнет жасына толуына байланысты төлемдер 196,23 млрд теңгеге жетті. БЖЗҚ-дан зейнет жасына толуына байланысты кесте бойынша берілетін орташа айлық төлем — 39 008 теңге, — делінген хабарламада.
2026 жылдың басынан бастап 01.09.2026 жылға тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) 462,75 млрд теңге, мұрагерлік бойынша 70,61 млрд теңге, ҚР-дан тыс жерге тұрақты тұруға кетуге байланысты 33,62 млрд теңге, мүгедектігі бар адамдарға — 2,32 млрд теңге, жерлеуге — 6,33 млрд теңге көлемінде төлем жасалды. Сақтандыру ұйымдарына 470,49 млрд теңге аударылды.
Айта кетелік 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда зейнетақы жинақтарының сақталуына берілетін мемлекеттік кепілдікті жүзеге асыру тәртібі өзгереді.