БЖЗҚ салымшыларының дербес деректері ұрланғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды

БЖЗҚ салымшыларының дербес деректері ұрланғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM - Бірыңғай жинақтық зейнетақы қоры салымшыларының жеке деректері ұрланғаны туралы мәліметті теріске шығарды.

«БЖЗҚ» АҚ GitHub сайтындағы құжаттарға белгісіз тұлғалар орналастырған қазақстандықтардың дербес деректерінің БЖЗҚ дерекқорынан шығуы туралы желіде таралған ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтіні туралы ресми мәлімдеме жасайды. БЖЗҚ қауіпсіздік қызметі GitHub сайтында орналастырылған деректерге егжей-тегжейлі талдау жүргізді. Нәтижесінде, жарияланған каталогта enpf.kz сайтының сипаттамасы ғана көрсетілгені анықталды. Бұл сайт ашық ақпарат көзі болып табылады және онда салымшылар мен алушылардың дербес деректері жоқ», - делінген ресми мәліметте.

Қордың баспасөз қызметі таратқан ақпарат бойынша, БЖЗҚ киберқауіптерге қарсы тұру үшін заманауи жарақталған жүйені белсенді түрде қолданады.

«БЖЗҚ осы саладағы үздік әлемдік тәжірибелерді қолдана отырып, түрлі жағдайларға, ақпараттық қауіпсіздік қатерлері мен тәуекелдеріне уақытылы жауап беріп, қажетті шараларды қолдана алады. БЖЗҚ нәтижелердің объективтілігі мен сенімділігін қамтамасыз ететін, салымшыларға олардың құпия деректерін толық қорғауға кепілдік беретін және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы нормативтік талаптарды қатаң сақтайтын халықаралық стандарттар мен талаптарға сәйкес ақпараттық қауіпсіздікті басқару жүйелерінің халықаралық аудитінен үнемі өтіп тұрады», - деп жазады қордың баспасөз қызметі.

Бұған дейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі аталған оқиға бойынша бірнеше ақпарат жүйесіне кезектен тыс тексеру жүретінін мәлімдеген еді.

Соңғы жаңалықтар