«CarGoRuqsat»: электрондық кезек құны қанша

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандағы шекара өткізу пункттерінде қолданылатын «CarGoRuqsat» электрондық кезек жүйесі ақылы негізде жұмыс істейді. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі Байдос Байбозин тікелей эфирде мәлімдеді. 

кеден
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Оның айтуынша, электрондық кезекті «CarGoRuqsat» мобильді қосымшасы немесе веб-нұсқасы арқылы алдын ала брондауға болады. Бұл тасымалдаушыларға шекарадан өту уақытын тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.

— Электрондық кезек ақылы негізде жұмыс істейді. Төлем мөлшерлері Қаржы министрінің 2023 жылғы 25 мамырдағы № 538 бұйрығымен бекітілген, ал төлем тәртібі 2023 жылғы 27 маусымдағы № 707 бұйрықта көзделген. Қазіргі таңда стандартты брондау құны — 1 айлық есептік көрсеткіш, жедел өту — 100 АЕК, ал кепілдік жарна — 20 АЕК. Кепілдік жарна бронь талапқа сай пайдаланылған жағдайда қайтарылады немесе қайта қолдануға мүмкіндік береді, — деді Байдос Байбозин.

Осылайша, аталған жүйе шекарадан өту үдерісін жеңілдетіп, көлік ағындарын тиімді реттеуге мүмкіндік беріп отыр.

Айта кетейік, бұған дейін электрондық кезек арқылы шекарадан 1 млн-нан астам жүк көлігі өткенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар