Цензураны алып тастаған соңғы 20 жылда адам сүйсініп оқитын шығарма тумады - Олжас Сүлейменов
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кездесу барысында ақын өзінің ел мүддесі жолындағы қызметі, БАҚ, цензура, Қырғызстандағы саяси ахуал, Қазақстанның ядролық қарумен күресі, Бауыржан Момышұлы хақында сөз қозғады. «Соңғы уақытта басылымдар мен форумдарда мені қатты сынап жүр. Оларға менің айтарым біреу, менде ел қамынан басқа мақсат-мүдде жоқ.Тәуелсіздігімізді ғасырлар жылдар бойы армандап, қол жеткіздік. Енді оны жоғалтуға жол бермейміз. Менің пікірім бірұлтты, біртілді мемлекет боламыз дегенге қарсы. Біз көпұлтты елде тату-тәтті өмір сүрген жағдайда ғана тәуелсіздікті сақтап қаламыз. Бұған Қырғызстандағы ахуал өте жақсы мысал бола алады. Қазір Қырғызстан екіге жарылудың алдында тұр. Олар іштей екіге бөлініп болды, енді тек де-юре жасау қалды. Біздің көптеген басылымдар сол Қырғызстандағы оқиғаларды мысалға алып, соған шақырады. Бұл бізге мүлдем қажет емес» деді ақын.
Ол өз сөзінде Қазақстандық БАҚ-тардың ахуалына да тоқталды. «Осы сапарымда бірқатар басылымдарды шолып шықтым. Байқасам 75 пайызында оппозициялық көзқарас бар. Бұл бізде сөз еркіндігі барлығын көрсетеді. Мәселен, Ресейде, Өзбекстанда біздің басылымдар айтқан мәселе айтылмайды. Жалпы, цензураны алып тастағалы бері соңғы 20 жылда адам сүйсініп оқитын шығарма тумады. Біздің кезімізде сыртқы цензурамен қатар әр адамның ішкі цензурасы болды. Ол «5 жоқтан» тұратын. Мәселен, дін, зорлық, порнография, соғыс, ұлт мәселесіне жоқ дейтінбіз. Ал қазір бұның бәрі форумдар мен басылымдарда ашық жазылады. Бұл - қауіпті құбылыс» деді ол. Кездесу барысында студенттер мен оқытушылар ақынға өз сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді. ҚазҰУ ректоры Бақытжан Жұмағұлов ақынды өткен туған күнімен құттықтап, география факультетінің түлегі екендігін еске салып, глобус сыйлады.