Chat GPT сұраныста, Aitu қайда: Президент цифрландыру саласын қатаң сынға алды
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев KazLLM тілдік машинасын іске қосу мен Aitu мессенджерін қолданысқа енгізу жұмыстарын қатаң сынға алды.
Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасаған еді.
– KazLLM бағдарламасы іске қосылды деп айттыңыз, бірақ менің білуімше бұл бағдарламаға сұраныс әлі төмен. Жұрт Chat GPT-ге жүгінеді, KazLLM-ге көшкісі келмейді. Сондықтан KazLLM айналасында не болып жатыр деген сұрақ бар? – деп сұрақ қойды Мемлекет басшысы Жасанды интеллект министріне.
Өз жауабында министр елде екі үлкен тілдік модельдер бар екенін, олар: KazLLM және AlemLLM. Олар қазір 40-тан астам жүйеге енгізілді. Қазіргі уақытта осы модельдер нарыққа, it-компанияларға, стартаптарға, студенттерге, зерттеу институттарына қолжетімді. Бірақ осы модельдердің сапасын әрдайым жақсартып отыру қажет. Сондықтан халықаралық деңгейдегі сарапшылармен бірге осы жұмыс жалғасады.
– Бұл салада олқылықтар барын мойындайсыз ба? – деп нақыталды Президент.
– Бұл модельдерді үнемі жаңартып отыру керек. Себебі OpenAI сияқты ірі компаниялар жаңа нұсқалар мен модельдерін шығарып, оларды жетілдіріп келеді. Сонымен қатар, осы оқыту процестерінің үздіксіздігін қамтамасыз етуіміз керек, – деп жауап берді министр.
Президент: Қазіргі таңда қанша адам KazLLM пайдаланып отыр?
Министр: Біздің мәлімет бойынша, осы модельге 600 мыңнан астам сұраныс болды.
Президент: Мысалы Chat GPT-де Қазақстан бойынша қанша адам отыр?
Министр: Қазақстан бойынша халықтың 13% пайдаланады.
Президент: Мысалы Aitu деген өз мессенджерімізді жасадық. Онда қанша адам бар?
Министр: Aitu платформасының бүгінгі пайдаланушылар саны 700 мыңнан асып, бір миллионға жуықтады.
– Цифрлық ел болу – алдымызда тұрған аса ауқымды міндет. Әсіресе биыл шешуші жыл болмақ. Сондықтан Үкіметтің осы бағытта қолға алған жобалары цифрландыру ісіне зор серпін беруге тиіс, – деп тапсырма берді Президент.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Онда еліміздің 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалады.
Айта кетейік, осы уақытта Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.