16:52, 26 Ақпан 2009 | GMT +5
Чехиялық кәсіпкерлер Батыс Қазақстан облысына келді
ОРАЛ. Ақпанның 26-сы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Чехия Республикасының делегациясы жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына келді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін делегация басшысы, сауда палатасының президенті Иржи Неставалды облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Ноғаев қабылдады. Онда екіжақты тиімді қарым-қатынасты одан әрі дамыту туралы әңгіме болды. Чехиялық меймандар қатарында «ЭНЕСА», «ЕВЧ», «ЧКД Охлаждение», «КОНЕКО» және басқа фирмалардың басшылары мен мамандары бар.
Жалпы, чехиялық және батысқазақстандық кәсіпкерлер арасында тығыз байланыс орныққан. Бұдан бұрын да олар делегациялар алмасып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы тілдескен болатын. Қазіргідей дағдарыс жағдайында екі жаққа да қолайлы байланыстың маңызы зор екендігі түсінікті.
Облыстық құрылымдар мен ірі кәсіпорындар басшыларымен, медицина саласы мамандарымен де кездесіп, түрлі нысандарда болатын меймандар сапары ертең де жалғаспақ.